Республика Казахстан, 010000, г. Астана, проспект Абая, 38, офис 315
Тел/факс: +7 /7172/ 21-04-54 E-mail: proin.kz@mail.ru interdepkz@gmail.com

  Новости территориальных организаций

Алматы облысының кәсіподақ белсенділері арыстықтарға қолдау көрсетті
6 июля 2019
Бүгінгі күні Түркістан облысы Арыс қаласында болған төтенше жағдай елімізде үлкен резонанс тудырып, қала тұрғындарына көмек көрсету үшін бүкіл қазақ елі бірігуде. Үкімет, мемлекеттік органдардың барлық құрылымдары, қоғамдық бірлестіктерден бастап, қарапайым тұрғындар да жан-жақты көмек көрсету жұмысын қолға алды. Алапат жарылыстан зардап шеккен арыстықтарға көмек көрсету үшін кәсіподақтар зор жауапкершілікпен атсалысуда. Осы ретте, Алматы облыстық білім және ғылым қызмектерлері кәсіподақ ұйымының өкілдері жарылыс кезінде қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айту, қолдау көрсету мақсатында Арыс қаласына барып қайтты. Облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Ляйля Сағынғалиқызы және Алакөл аудандық филиалының төрағасы Кенжебек Алпысбаев Арыс қаласындағы И.Журба атындағы орта мектептің, «Алтын тұмар» және «Айгөлек» балабақшаларының еңбек ұжымдарымен кездесіп, сала қызметкерлеріне қолдау танытты. Бұдан бөлек, Алматы облыстық кәсіподақ ұйымы қайырымдылық қорына біркүндік жалақыларын, барлығы 500 мың теңге аударғандығын айтты. Өз кезегінде білім саласы қызмектерлерінің Арыс қалалық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мұхаев Жұматай Есентайұлы ел басына күн туғанда қолдап келген жетісулық әріптестеріне арыстық ұстаздар қауымы атынан алғысын білдірді. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде қаза тапқан әскери бөлімшенің қызметкері Бауыржан Әлімбековтың отбасына, әйелі, Комаров атындағы орта мектептің қызметкері Жалысбаева Бағилаға көңіл айтып, қайғысына ортақ екендігін жеткізді. Сондай-ақ, «Алтын тұмар» балабақшасының тәрбиешілері, жалғызбасты аналар, жарылыс кезінде баспанасынан айырылған Үскенбаева Оразгүл Сейіткәрімқызы және Шұлғаубаева Гүлназ Сүгірбекқызының балаларына «Мектепке жол» акциясы аясында оқуға қажетті киім-кешек, кеңсе тауарларын алып, қайырымдылық көмек көрсетті. Кәсіподақ белсенділері Арыс қалалық білім бөлімінің басшысы Мұсаев Әбдіхан Ділішұлымен кездесіп, Арыстағы жалпы ахуал туралы мәліметтер алды. «Бүгінгі күні Арыс қаласы және қалаға қарасты елді мекендердегі 17 орта мектеп, 6 мемлекеттік және 29 жекеменшік балабақшаның барлығында жөндеу жұмыстары басталып кетті. Көмек көрсету жұмыстарына қаланың барлық күштері жұмылдырылған. Оның ішінде ұстаздар қауымы да тұрғындардың әлеуметтік–тұрмыстық жағдайын зерттеп, нақты деректер қалыптастыру үшін көмек көрсетуде. Сонымен қатар, жазғы демалыс кезінде 4 мыңнан астам бала әр облыстағы жазғы лагерлерде сауықтырылатын болады», - деді өз сөзінде мекеме басшысы. Қазақ «Көп түкірсе – көл» демекші әскери қалашықта болған жарылыс кезінде зардап шеккен арыстықтарға мүмкіндігінше көмек беруге даяр азаматтар жетерлік. Халықтың бірлігі сыналар шақта еліміз аман, ынтымағымыз арта берсін. Арыстықтар, біз Сіздермен біргеміз! 

Алматы облыстық білім және ғылым қызмектерлері 
кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі















 
  Полезные ссылки