Ұстаздық – жай ғана мамандық емес, ол – жүрек қалауы, үлкен жауапкершілік пен тынымсыз еңбекті талап ететін қасиетті жол. Осы жолды өмірлік мұратына айналдырған жандардың бірі – Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы В.И.Пацаев атындағы орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Козлов Сергей Николаевич.

Ол 1989 жылдан бері аталған білім ордасында абыройлы еңбек етіп, сан буын шәкірттің бойына білім мен тәрбиенің дәнін сеуіп келеді. Ұстаздың 37 жылдан астам еңбек жолы өз ісіне деген адалдықтың, кәсіби шеберліктің, табандылық пен еңбекқорлықтың айқын көрінісі.
Сергей Козлов шәкірттеріне тек көркем еңбек пәнінің қыр-сырын үйретіп қана қоймай, олардың бойында шығармашылық қабілетті, еңбекке деген сүйіспеншілікті, шеберлікке құштарлықты қалыптастырып келеді. Сонымен қатар ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерге құрметпен қарауға баулиды. Ол мектеп пен ауданның шығармашылық өміріне де белсене араласып, «Бояулар құпиясы» жас суретшілер байқауының тұрақты қатысушысы ретінде өскелең ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттыруға өзіндік үлес қосып жүр.

Ұзақ жылғы адал еңбегі мен білім саласының дамуына қосқан үлесі елеусіз қалған емес. 2024 жылы Қарғалы ауданы әкімінің, ал 2025 жылы аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Еңбек – адамның өмір жолындағы ең асыл іздерінің бірі. Ал ұстаз еңбегінің жемісі – шәкіртінің жетістігі мен жүрегінде қалған өнегесі. Козлов Сергей Николаевичтің көпжылдық қызметі –өзі еңбек етіп келе жатқан білім ордасына деген шынайы жанашырлықтың, ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершіліктің және ұстаздық жолға деген шексіз адалдықтың жарқын үлгісі.

Адал еңбегімен талай шәкірттің жүрегіне жол тапқан Сергей Козловтың өнегелі өмір жолы – жас ұрпаққа үлгі, ал көпжылдық қажырлы еңбегі – ел құрметіне лайықты еңбек адамының жарқын бейнесі.

 

Ақтөбе облыстық кәсіподағы