Қоғамдық бақылау «Педагогикалық колледж» КМҚК және «Политехникалық колледж» КМҚК мекемелерінде өткізілді.
Мониторингтің негізгі мақсаты – қызметкерлердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын бақылау, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау, өндірістік жарақаттанудың алдын алу және ұжымдық шарт талаптарының орындалу барысын зерделеу.
Қоғамдық бақылау барысында төмендегі бағыттарға ерекше назар аударылды:
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау: жұмыс орындарының жай-күйі, жеке қорғаныш құралдарымен (ЖҚҚ) қамтамасыз етілуі және олардың жарамдылығы, санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы;
Құжаттаманың жүргізілуі: қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқама беру журналдарының толтырылуы, қызметкерлердің міндетті медициналық тексерулерден уақтылы өтуі;
Еңбек және демалыс режимі: жұмыс кестелерінің сақталуы, жұмыс уақытын есепке алу және жыл сайынғы еңбек демалысын беру тәртібі;
Еңбекақы төлеу: жалақы мен қосымша ақылардың уақтылы есептелуі, еңбек жағдайларына байланысты төленетін үстемеақылардың дұрыстығы және қызметкерлерге есеп айырысу парақтарының берілуі.
Қоғамдық бақылау қорытындысы бойынша «Политехникалық колледж» КМҚК басшысына анықталған еңбек заңнамасы талаптарының бұзылуын жою жөнінде тиісті ұсыныстар қамтылған акт табысталды. Анықталған ескертулер мен оларды жою мәселелері кәсіподақ ұйымының бақылауына алынды.
Сонымен қатар, колледж қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылып, еңбек заңнамасы, әлеуметтік-еңбек қатынастары, қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесу барысында қызметкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, нақты жағдайларға байланысты құқықтық кеңестер берілді.
Абдулкаримова Нұргүл Назарбекқызы қоғамдық бақылаудың маңыздылығына тоқталып, еңбек заңнамасының талаптарын сақтау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және қызметкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілуі қажеттігін атап өтті.
«Жүйелі қоғамдық бақылау еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге, кемшіліктерді дер кезінде анықтап, олардың алдын алуға және еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Жұмыс беруші мен еңбек ұжымы өкілдері арасындағы ашық диалог – өзара сенім мен тиімді әлеуметтік әріптестіктің кепілі», – деп атап өтті Нұргүл Назарбекқызы.
Кәсіподақ ұйымы алдағы уақытта да бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес қоғамдық бақылау жұмыстарын жалғастырып, білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуына назар аударатын болады.
Абай облысының оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің
кәсіподақ ұйымы
