Ұстаз жетістігінің негізі – ізденіс пен қолдау

Химия сабағында мен үшін ең маңыздысы – оқушының дайын ақпаратты жаттап алуы емес, құбылыстың себебін түсініп, өз ойын дәлелдеп, алған білімін өмірмен байланыстыра білуі. Сондықтан сабақтарымда тәжірибелік тапсырмалар, зерттеуге бағытталған сұрақтар, топтық және жұптық жұмыстар, сараланған тапсырмалар, проблемалық жағдаяттар мен интерактивті тәсілдерді үйлестіруге ұмтыламын. Оқушылар тәжірибені талдап, болжам ұсынып, нәтижесін тұжырымдау арқылы ғылыми ойлау мен ынтымақтастық дағдыларын дамытады. Ғылымға қызығушылықты қолдау сабақтан тыс уақытта да жалғасады. Оқушыларым жыл сайын РҒПО «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы аясындағы білім сайыстары мен ғылыми бағыттағы іс-шараларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Бұл жетістіктердің артында оқушылардың табандылығы, ата-аналардың сенімі және ұстаздың жүйелі еңбегі тұр. Әрбір марапат – келесі ізденіске бастайтын жауапты қадам.

Кәсіподақ – ұжымның берік байланысы

Кәсіподақтың құндылығы тек еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерді қорғаумен өлшенбейді. Ол әріптестер арасындағы сыйластықты нығайтып, мұғалімдердің бір-біріне қолдау көрсетуіне, мәдени және спорттық шараларда бір командаға айналуына ықпал етеді. Осындай ортада педагог өзін үлкен ұжымның маңызды мүшесі ретінде сезінеді. Кәсіподақ тарапынан ұйымдастырылатын бастамалар күнделікті жұмыстың қарбаласында серпіліс беріп, ұжымдық рухты көтереді.

Спорт біріктіреді, жеңіске жігерлендіреді

Мен үшін спорт – сергек өмір салты ғана емес, мінезді шыңдайтын, тәртіп пен жауапкершілікке баулитын орта. Лицейіміздің мұғалімдерімен бірге жыл сайын түрлі спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізіп келеміз. Әрбір жарыс әріптестерімізді сабақтан тыс ортада жақынырақ таныстырып, бір мақсатқа жұмылуға үйретеді. Бұл ынтымақ пен өзара сенім күнделікті педагогикалық қызметте де өз жемісін береді.

Биылғы ерекше қуанышымыз – Алмалы ауданының 90 жылдық мерейтойына орай аудан мұғалімдері арасында ұйымдастырылған «Кубок Алмалы – 90» волейбол турниріндегі жеңісіміз. Аталмыш додаға 15 команда қатысып, шеберлік пен ұйымшылдық сынға түсті. №24 лицейдің ұстаздар командасы табанды ойын көрсетіп, жүлделі І орынды иеленді. Бұл – бір ғана команданың емес, бүкіл лицей ұжымының ортақ мақтанышы!

«Кубок Алмалы – 90» турнирінің жеңімпаз командасы

Жеңімпаз атанған әріптестеріміз Алмалы ауданы әкімінің және аудандық кәсіподақ ұйымының арнайы кубоктары мен грамоталарына ие болды. Мұндай марапаттардың мәні ерекше: олар ұстаздардың бірлігі мен белсенділігін бағалап қана қоймай, алдағы жарыстарға жігер береді.

Жеңісті бірге жасаған ұжым

Лицей намысын абыроймен қорғаған команда құрамында Омишев Саят, Каменов Ернар, Ерболқызы Толғанай, Қуанышбай Арайлым, Әбділбай Рүстем, Қуанышбек Бекжан және Шаймурат Ұлан өнер көрсетті. Алаңда әрқайсымыз өз міндетімізді атқарып, бір-бірімізге демеу болдық. Әр ұпай үшін күрес, шешуші сәттегі сабыр мен командаласқа деген сенім жеңіске жетеледі.

І орын иегерлері – медальдар, кубоктар және құрмет грамоталары

Бұл жетістік кәсіподақ ұйымының мұғалімдерді ортақ іске жұмылдырып, салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал ететінін тағы бір мәрте көрсетті. Спорттық іс-шаралар ұстаздар арасында достық қарым-қатынасты нығайтып, еңбек ұжымындағы жағымды ахуалды қалыптастыруға көмектеседі. Сондықтан осындай жарыстарды қолдап, педагогтердің қоғамдық белсенділігін бағалап жүрген кәсіподақ ұйымына ризашылығымды білдіремін.

Мен үшін ұстаздық, ғылым және спорт – бір-бірінен бөлек бағыттар емес. Үшеуін де біріктіретін ортақ қасиеттер – еңбексүйгіштік, табандылық, адалдық және үздіксіз даму. Сабақта шәкірттерімнің жетістігіне қуансам, спорт алаңында әріптестерімнің жеңісімен мақтанамын. Ал кәсіподақ осындай ұжымдық жетістіктерге дем беретін, ұстаздың жан-жақты дамуына жағдай туғызатын маңызды қоғамдық тірек болып қала береді.

Алдағы уақытта да лицейіміздің абыройын білім мен спортта қатар асқақтатып, оқушыларымызға тек сөзбен емес, жеке үлгімізбен де жігер беруге ұмтыламын. Бірлігі бекем ұжымның бағындырар биігі көп!


Қуанышбай Арайлым Құрбанәліқызы
№24 лицейдің химия пәні мұғалімі,
«Ұстаз» кәсіподағының мүшесі