Ақтөбе облысы Қобда аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы жанындағы Жастар кеңесінің ұйымдастыруымен Бесқұдық орта мектебінде «Кәсіподақ. Білімнің жаңа дәуірі: жас ұстаз және AI» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Семинардың басты мақсаты – жас педагогтардың жасанды интеллект мүмкіндіктері туралы білімін кеңейтіп, оны білім беру үдерісінде тиімді әрі ұтымды қолдану жолдарын зерделеу.
Басқосуда аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қуанышкерей Ибраев жас мамандарға кәсіподақ тарапынан көрсетілетін қолдау шараларына тоқталып, жас педагогтарды кәсіподақ жұмысына белсенді қатысуға, жаңа идеялар мен тың бастамаларды жүзеге асыруға шақырды.
Семинар барысында кәсіподақтың жас мамандардың еңбек құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғаудағы, олардың кәсіби қалыптасуы мен шығармашылық әлеуетін дамытудағы рөлі сөз болды. Сонымен қатар жасанды интеллектінің білім беру үдерісіндегі мүмкіндіктері кеңінен талқыланып, оны сабақ барысында тиімді қолданудың жолдары көрсетілді.
Қатысушылар практикалық жұмыстар орындап, өзара тәжірибе алмасты. Жаңа идеялар мен тың бастамалар ортаға салынып, кәсіподақ жастарының бірлігі мен белсенділігін арттыруға бағытталған пікірлер айтылды.
Бүгінгі білім кеңістігінде цифрлық сауаттылық пен жаңашылдықтың маңызы зор. Осы бағытта өткен семинар жас педагогтардың кәсіби дамуына серпін беріп, олардың заманауи технологияларды меңгеруге деген қызығушылығын арттырды.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
