Кез келген қоғамның ертеңгі болашағы мен келешегі білім ордаларында, ал сол болашақтың іргетасын қалаушы ұстаз екені белгілі. Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылындағы Жетіарал мектеп-балабақша кешенінде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, өз ғұмырын жас ұрпақтың санасына нәр құюға арнаған ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Роза Жәлелқызы Қыпшова – есімі елге танымал ардақты ұстаз, білікті маман.

Роза Жәлелқызы 1958 жылы 31 наурызда Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылында дүниеге келген. Туған өлкесінде өсіп-өнген ол бар саналы ғұмырын орта білім беру саласына арнап, ағылшын тілі пәнінен үзіліссіз 40 жыл қызмет атқарды.
Жарты ғасырға жуық уақытты қамтыған осы ұзақ жолда ол қарапайым пән мұғалімінен бастап, өз ісінің шебері, шығармашыл әрі ізденімпаз ұстаз дәрежесіне көтерілді. Кеңпейілділігі мен сабырлы мінезі, әділдігі мен адамгершілік қасиеттері оны әріптестері мен шәкірттерінің арасында үлкен беделге бөледі.

Шет тілін оқытуды әлемге ашылған терезе деп түсінген Роза Жәлелқызы әрбір сабағын мазмұнды, жүйелі әрі тағылымды етіп өткізуге тырысты. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын оятып қана қоймай, оларға жауапкершілікті, еңбексүйгіштікті және өз-өзіне деген сенімділікті дарыта білді.

Ұстаз тек сынып қабырғасымен шектеліп қалмай, аудандық педагогикалық оқулар мен ғылыми конференцияларға белсенді қатысып, жинаған тәжірибесімен әріптестерімен бөлісті. Аудандық педагогикалық оқуларда грамотаға ие болып, аудандық ғылыми конференцияда жүлделі ІІ орынды қанжығасына байлады.

Көпжылдық жемісті еңбегі мен білім саласына қосқан өлшеусіз үлесі лайықты бағаланып, есімі Шығыс Қазақстан облысы мұғалімдерінің «Даңқ кітабына» енгізілді. Бұл – ұстаздың қажырлы еңбегі мен кәсіби биіктігінің айқын дәлелі.
Ұстаздың ең басты марапаты – оның шәкірттерінің жетістігі. Роза Жәлелқызының тәлімін көріп, тәрбиесін алған оқушылар әр түрлі пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленіп, өз білімдерін жоғары деңгейде дәлелдеді.

Ең маңыздысы, сол шәкірттердің арасынан ұстаз жолын таңдап, бүгінде мектеп қабырғасында ағартушылық істі жалғастырып жүрген жас мамандардың шығуы Роза Жәлелқызы жаққан білім шырағының өшпей, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жатқанының айқын көрінісі.
Жоғары кәсібилігі, адал еңбегі мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан елеулі үлесі үшін Роза Жәлелқызы бірнеше рет марапатталды: Облыстық білім бөлімінің Алғыс хаты; Мектепшілік және аудандық деңгейдегі Алғыс хаттар; Аудандық педагогикалық оқулар мен ғылыми конференциялардың грамоталары; Зейнеткерлікке шығуына орай табысталған облыстық Құрмет грамотасы.

40 жылдық ұстаздық ғұмырында бар білімі мен тәжірибесін, жүрек жылуын балаларға арнаған Роза Жәлелқызы бүгінгі жас буын педагогтар үшін нағыз кәсібилік пен адалдықтың үлгісі. Оның табанды еңбегі, ізгі істері мен ұстаздық өнегесі әріптестері мен шәкірттерінің жадында мәңгі сақталары анық.

«Ұстаздың ең үлкен жетістігі білімді шәкірт тәрбиелеп, оның бойына ізгілік пен ізденіске деген құштарлық ұялату» - Роза Жәлелқызының өмірлік кредосы.

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай аудандық ұйымы