«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі - Заң) 8-бабы 4-тармағына сәйкес негізгі жұмыс орны бойынша мемлекеттік ұйымдардың педагогына философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесі үшін 17 еселенген айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді.

Алайда, қосымша ақыны  есептеу кезінде заңнаманың басқа да нормаларын ескеру қажет:
- жоғарыда көрсетілген Заңның 8-бабы 1-тармағына сәйкес мемлекеттік ұйымдардың педагогтарына еңбекақы төлеу жүйесі, лауазымдық жалақылар, қосымша ақылар мен үстеме ақылар ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады;
- Еңбек кодексінің 139-бабы 9-тармағына сәйкес мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу ҚР Үкіметінің Қаулысымен айқындалады.
 
Осылайша, мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын есептеу тәртібі мен шарттары ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 Қаулысымен (бұдан әрі - Қаулы) регламенттеледі.

Қаулының 18-қосымшасының 12-тармағына сәйкес ғылым кандидаттарына, философия докторларына (PhD), бейіні бойынша докторларға және ғылым докторларына ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақы: ⤵️
- ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыратын ғылыми қызметкерлерге (іргелі зерттеулер жүргізетін ғылыми ұйымдарды базалық қаржыландыру және қаржыландыру шеңберінде);
 - мемлекеттік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында (жоғары оқу орындарында) ғылыми-педагогикалық қызметті жүзеге асыратын педагогтарға белгіленеді.