Аталған семинарға «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Абай облысының кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыру жұмыстары бойынша бас маманы Воказе Ұлжан Ернарқызы, Үржар аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Жынғылбаев Жанболат Жумадилович, аудандық кәсіподақ ұйымының заңгері Енсебаев Сатыбалды Сағатович, сондай-ақ ауданның білім беру ұйымдарынан 21 бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысты.

Семинарды Үржар аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Жынғылбаев Ж.Ж. ашып, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін жүйелі әрі тиімді ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, кәсіподақ ұйымдарының негізгі міндеті – білім беру саласы қызметкерлерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуына ықпал ету екенін атап өтті.

Семинар барысында Абай облыстық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыру жұмыстары бойынша бас маманы Ұлжан Ернарқызы Воказе бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын ұйымдастырудың негізгі бағыттары бойынша жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Атап айтқанда, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін жоспарлау, кәсіподақ құжаттамаларын белгіленген талаптарға сәйкес жүргізу, жиналыстарды ұйымдастыру және хаттамаларды рәсімдеу, кәсіподақ мүшелерінің есебін жүргізу, ұйымдық жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ кәсіподақ мүшелерімен тұрақты байланыс орнату мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларының міндеттері мен жауапкершілігі, кәсіподақ қызметін жетілдіру жолдары және кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы бастауыш ұйымдардың рөлі кеңінен қарастырылды.

Семинардың маңызды бөліктерінің бірі – қатысушылармен өткізілген сұрақ-жауап және еркін пікір алмасу болды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары күнделікті қызмет барысында туындайтын ұйымдастырушылық мәселелер, кәсіподақ құжаттарын дұрыс рәсімдеу, кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғау, ұжымдық шарт талаптарының орындалуы және кәсіподақ жұмысының тиімділігін арттыру бағытында өздерін толғандырған сұрақтарын ортаға салды.
Қатысушылар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша Абай облыстық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыру жұмыстары бойынша бас маманы Воказе Ұлжан Ернарқызы , тиісті түсіндірмелер беріп, тәжірибелік ұсынымдарымен бөлісті.
Өзара пікір алмасу барысында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін одан әрі жандандыру, кәсіподақ мүшелерімен жұмысты күшейту, ұйымдық тәртіпті сақтау және кәсіподақ қызметінің нәтижелілігін арттыру мәселелерінің маңыздылығы атап өтілді.

Семинар ашық әрі іскерлік жағдайда өтіп, қатысушыларға өзара тәжірибе алмасуға, кәсіби білімдерін толықтыруға және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Іс-шараның басты мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларының ұйымдастырушылық және құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың жұмыс тәжірибесін жетілдіру, кәсіподақ ұйымдарының қызметін нығайту және білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттыру.
Осындай тәжірибелік семинарлар бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасындағы өзара байланысты нығайтып, кәсіподақ қозғалысының дамуына, еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік әріптестікті жетілдіруге және қызметкерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау жұмыстарының сапасын арттыруға ықпал етеді.
Кәсіподақтың күші – бірлікте, ал басты құндылығы – еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғауда!

--
Абай облысы кәсіподақ ұйымының
Үржар аудандық филиалы