Гүлнафис Қалиеваның ұстаздық қызметіндегі ерекше бағыттардың бірі – өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету. Атап айтқанда, неміс және украин ұлтынан шыққан оқушыларға мемлекеттік тілді меңгертіп, қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру жолында елеулі еңбек етіп келеді. Шәкірттерін өлеңді мәнерлеп оқуға, жатқа айтуға, көркем сөздің құдіретін сезінуге баулиды.
2017 жылы Алматы қаласында өткен KATEV «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасында шәкірті Владислав Вегерт жүлделі орынға ие болып, күміс медальмен марапатталды. Бұл жетістік – ұстаздың тынымсыз еңбегі мен шәкіртінің табандылығының жемісі. Сонымен қатар шәкірті Косенко Ильяны республикалық Ілияс , Абай және Мұқағали оқуларына қатыстырып, түрлі дипломдар мен сертификаттарға ие болуына ықпал етті. Оқушыларын өлеңді жатқа оқуға ғана емес, оның мазмұнын терең түсініп, ақынның ойын жүрекпен сезіне білуге үйретеді. 2026 жылы шәкірті Руфина Ахметова республикалық Әбіш Кекілбаев оқуларының аудандық және облыстық кезеңдерінде І орын иеленіп, Ақтау қаласында өткен республикалық кезеңде ІІІ орынға қол жеткізді. Бұл – ұстаз бен шәкірт арасындағы тынымсыз еңбек, жүйелі дайындық пен өзара сенімнің жарқын нәтижесі.
Көп жылғы ұстаздық еңбегі мен шығармашылық ізденісі лайықты бағаланып, Гүлнафис Қалиева облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, аудандық Қадыр Мырза Әли оқуларының ІІ орын дипломымен, облыстық пәндік олимпиада, «Білікті ұстаз», «Шығармашыл педагог» олимпиадаларының І дәрежелі дипломдарымен, сондай-ақ «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығының Абай оқуларына шәкірт тәрбиелегені үшін Құрмет грамотасымен, «Жаңа Қазақстан» республикалық дарынды жастарды қолдау орталығының жеңімпаз шәкірт дайындағаны үшін Алғыс хатымен және «Мың бала» республикалық зияткерлік орталығының Мұқағали Мақатаев оқуларына дарынды шәкірт дайындауға қосқан үлесі үшін Алғыс хатымен марапатталған.
Ұстаздық – үздіксіз ізденіс пен жаңаруды талап ететін мәртебелі мамандық. Әр баланың жүрегіне жол тауып, оның бойындағы талантты аша білу – нағыз ұстаздың басты қасиеті. Осы қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған Қалиева Гүлнафис Бауыржанқызы алдағы уақытта да қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, әдеби мұраны ұрпақ санасына сіңіріп, білімді де дарынды шәкірттер тәрбиелеу жолында еңбек ете бермек.
«Ұстаздың есімі – шәкіртінің жетістігімен асқақтайды!» Бұл – Қалиева Гүлнафис Бауыржанқызының ұстаздық жолындағы өмірлік ұстанымы мен еңбегінің мәнін айқындайтын тағылымды қағида.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
