Бала тағдырына бейжай қарамай, оның құқығы мен мүддесін қорғау, әлеуметтік қолдау көрсету – үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет. Осы маңызды міндетті абыроймен атқарып келе жатқан маманның бірі – Баекова Назгүл Бекболатқызы.

 Назгүл Баекова 1981 жылы Ақтөбе облысы Ақрап ауылында дүниеге келген. 1998 жылы Ақрап орта мектебін тәмамдап, 1998–2002 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде «Физика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алды. Кейін 2017–2019 жылдары «Әлеуметтік педагог» мамандығын меңгерді.

 Еңбек жолын 2002 жылы Қобда қазақ орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі болып бастап, кейін информатика пәнінен сабақ беріп, тәрбие ісі жөніндегі орынбасар қызметін де атқарды. 2008 жылдан бері осы мектепте әлеуметтік педагог болып еңбек етіп келеді.

 Өз қызметінде оқушылардың әлеуметтік жағдайын зерделеп, қолдауды қажет ететін балалармен және отбасылармен жеке жұмыс жүргізеді. Балалардың құқықтарын қорғау, буллинг пен құқықбұзушылықтың алдын алу, ата-аналармен және мектеп ұжымымен бірлесе жұмыс атқару – күнделікті қызметінің маңызды бағыттары.

Назгүл Баекова үшін әр баланың жан дүниесін түсініп, мәселесіне бейжай қарамай, дер кезінде қолдау көрсету – басты ұстанымы. Ол өз жұмысында бала сенімін ақтауды, әр оқушының өзін қауіпсіз әрі қолдауда сезінуіне жағдай жасауды маңызды санайды.


Ақтөбе облыстық кәсіподағы