Арсен Кәрімтай 2002 жылы Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданына қарасты Сарат ауылында дүниеге келген. 2007–2019 жылдары Сарат орта мектебінде білім алып, кейін 2019–2024 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Тарих факультетінде «Педагогикалық тарих» мамандығы бойынша жоғары білім алды.

Еңбек жолын Әйтеке би ауданындағы Жабасақ жалпы орта білім беретін мектебінде бастаған жас ұстаз аз уақыттың ішінде кәсіби ізденісімен және шәкірттерінің жетістігімен көзге түсті. Екі жылдық еңбек тәжірибесінде оқушылары аудандық және облыстық пәндік олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Оның еңбегінің жемісі – шәкірттерінің білім додаларындағы жеңістері.

Атап айтқанда, 2024–2025 және 2025–2026 оқу жылдарында оқушысы республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінде I орын иеленіп, облыстық кезеңде II–III орындарға қол жеткізді. Бұл жетістіктер – жас маманның сабақ берудегі ізденісі мен оқушымен жүйелі жұмыс жүргізуінің нәтижесі.

Арсеннің ұстаздық қыры тек білім беру ісімен шектелмейді. Ол өнерге де жақын, шығармашылық қабілетін шыңдап, мектеп өміріне белсене араласып келеді. Білім мен өнерді қатар алып жүруі оның жан-жақты тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етуде.

Ұстаздық жолын енді бастаған Арсен Кәрімтайдің бүгінгі еңбегі мен шәкірттерінің жетістігі – оның кәсіби қалыптасу жолындағы алғашқы маңызды белестері. Алдағы уақытта да білім мен шығармашылықты қатар ұштастырып, талай шәкірттің талабын ұштап, биік белестерге жетелейтініне сеніміміз мол.
 
Ақтөбе облыстық кәсіподағы