Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін 1994 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған ол бұған дейін бірқатар мектептерде жұмыс істеген. Ұстаздық жолында балалардың бойындағы әдебиетке деген құштарлықты оятып, тілді дамытуға ерекше көңіл бөлді. Уақыт өте келе педагогикалық ізденісін қосымша білім беру саласымен сабақтастырды. Қазіргі таңда қосымша білім беру педагогі ретінде балалардың сабақтан тыс уақытын мазмұнды ұйымдастыруға, олардың қабілетін танып, шығармашылық орта қалыптастыруына үлесін қосуда. Оның мұндағы еңбек өтілінің өзі 20 жылға жуықтаған.

Үсен Жақсылықұлы өз қызметінде тәрбиеленушілердің тілдік сауаттылығын, шешендік өнерін, сыни ойлау қабілетін және азаматтық ұстанымын қалыптастыруға көңіл бөліп келеді. Ол «Мәңгілік Ел» үйірмесі арқылы жас ұрпақ бойына ұлттық тарихты, әдеби мұраны, елдік пен бірлікті, отансүйгіштік пен адамгершілік құндылықтарын сіңіруде. Ал «Дебат» үйірмесінде оқушылардың зейінін, ой қорыту және талдау мәдениетін дамытуына көңіл бөледі.

- Бұл клубтың жұмысын мен жай ғана жарыс, сөз сайысы деп санамаймын, баланың ойлау мәдениетін қалыптастыратын педагогикалық құрал ретінде қарастырамын. Дебат арқылы оқушы тыңдауды, талдауды, дәлелдеуді, қарсы пікірді құрметтеуді және өз ойын жауапкершілікпен жеткізуді үйренеді. Бүгінгі күні осы бағыттағы ізденістерімнің нәтижесінде дебат сабақтарында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға арналған әдістемелік зерттеу жүргізіп, «Оқытудағы жасанды интеллект: дебат сабақтарында жаңа технологияларды қолдану әдіс-тәсілдері» атты әдістемелік еңбегімді әзірледім. Бұл жұмыс дәстүрлі педагогикалық тәжірибені заманауи технологиялармен ұштастыруға деген қызығушылығымның бір көрінісі болды, – дейді Үсен Тұрлыбаев.

Оның ұстаздық кәсіби шеберлігі мен еңбегі ешқашан ескерусіз қалған емес. Атап айтсақ, ол аудандық «Мұғалімдер адамгершілік үшін» байқауында І орын иеленсе, IV республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пәні олимпиадасында ІІ орынға тұрақтаған еді. Одан кейін «Қазақстанның жыл мұғалімі – 2021» республикалық байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталған. 2023 жылы «Қазақ ертегілері» байқауында жүлдегерлер қатарынан көрінсе, «Қазақстанның жыл мұғалімі – 2022» байқауында І орын иеленді. Бұдан бөлек, мамандығы бойынша өткен Халықаралық олимпиадада І орын иеленді. Республикалық «Әдістемелік вернисаж» байқауында ІІ орыннан көрінді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының және басқа да байқаулар мен ғылыми жобаларда арнайы марапаттары көп-ақ.

Орталық қызметкерлерінің айтуынша Үсен Жақсылықұлы үнемі ізденіс үстінде жүретін, шәкірттерінің шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытып отыруға көп көңіл бөлетін ұстаз. Ал педагогикалық қызметінде жетістіктердің қатарында кәсіби байқаулардағы нәтижелер, әдістемелік жұмыстар мен оқушыларының шығармашылық жетістіктері бар. Мәселен, 2022-2026 жылдар аралығында оның шәкірттері облыстық және республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған және басқа да республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталған. Соның ішінде республикалық «Оқитын өңір» байқауында шәкірті Нұрай Тұрғанбай І орын иеленіп, жоғары нәтиже көрсетіпті.

«Менің жұмысымның нәтижесі де, жемісі де шәкірттерімнің шыққан биігі, жеткен жетістігімен бағалы. Ең бастысы, алдымдағы баланың талантын ашып, үлкен жолға түсуіне жол салсам, еңбегімнің ақталғаны», – дейді Үсен Тұрлыбаев.

Жамбыл облысы Қордай аудандық филиалы.