Бүгінде алпыс деген белесті бағындырған Райхан Мейірбекқызының осы мекемедегі еңбек өтілі де 40 жылға жуықтапты. Осы уақыт ішінде мектеп табалдырығын қаншама шәкірт аттап, қаншама түлек үлкен өмірге қанат қақты. Сол буындардың күн сайын таза сыныпқа кіріп, жайлы ортада білім алуына Райхан Мейірбекқызы да өз үлесін қосып келеді.

Райхан Мейірбекқызының бала кезіндегі өнерге жақындығы еңбекке араласқан жылдары да жалғасын тапқан. 2002 жылы төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» кәсіподақтық көркемөнерпаздар фестиваліне қатысып, аудандық кезеңнен өтіп, облыстық гала-концертте сахнаға шықты.

Ал 2010-2016 жылдары мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымында комиссия мүшесі болып, қоғамдық жұмысқа араласты. Ұжым өміріне қатысты мәселелерді шешуге атсалысып, әріптестерімен бірге ортақ істің басы-қасынан табылды. Адал еңбегі мен белсенділігі үшін әр жылдары аудандық, облыстық деңгейдегі Алғыс хаттармен марапатталды.

Райхан Мейірбекқызы екі ұл, екі қыз өсірген ана, 11 немеренің сүйікті әжесі. Бүгінде мектептегі түрлі іс-шараларға немерелерімен бірге қатысады. Бір кездері өзі өнер көрсеткен ортаға енді немерелерін ертіп келуі оның мектеппен байланысын одан әрі тереңдете түскендей. Балалары мен немерелері үшін оның еңбек жолының өзі жауапкершілік пен табандылықтың өнегесі.

Алда зейнет демалысы. Өмірінің 37 жылын мектеп жұмысына арнаған жан үшін бұл белестің орны бөлек. Оның ғұмыр жолында жастық арман да, отбасы қуанышы да, өнерге іңкәрлік те, күнделікті маңдай тер де тоғысқан. Райхан Мейірбекқызы сынды жандардың адал қызметін танып, қадірлеу арқылы біз жас ұрпаққа еңбектің шынайы бағасын ұғындырамыз.

Жамбыл облысы Жуалы аудандық кәсіподақ филиалы.