Ақтау қалалық кәсіподақ ұйымы «Бастауыш кәсіподақ ұйымының қызметін тиімді ұйымдастыру жолдары» тақырыбында бастауыш ұйым төрағаларына оқыту семинарын өткізді.
Білім беру саласындағы қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру және төрағалардың кәсіби біліктілігін арттыруға арналған шараға мақсатында мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағалары қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағаларының құқықтық сауаттылығын арттыру, кәсіподақ қызметін тиімді ұйымдастыру жолдарын түсіндіру және тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.
Оқыту барысында қатысушыларға кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттары, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестік, ұжымдық шарттардың орындалуы және құжаттамаларды дұрыс жүргізу мәселелері бойынша маңызды ақпараттар берілді.
Сонымен қатар бастауыш ұйым төрағаларының іс-қағаздарды талапқа сай жүргізу нормаларына назар аударылды.
Семинар барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты. Сонымен қатар тәжірибелік тапсырмалар арқылы кәсіби білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды.
Мұндай тағылымды кездесулер кәсіподақ ұйымдарының жұмысын одан әрі жетілдіріп, төрағалардың жауапкершілігін арттыруға және ортақ мақсат жолында бірлесе еңбек етуге ықпал етеді.
Ақтау қалалық кәсіподақ филиалы
