Құқықтық сауаттылықты арттыру, еңбек қатынастары саласындағы заңнамалық талаптарды түсіндіру және педагог қызметкерлердің құқықтық білімін жетілдіру – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі.
Осы мақсатта Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова мен заңгерлер Александр Алимпиев, Нұрлан Жетпісбай Әйтеке би ауданындағы мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарының басшыларымен онлайн форматта кездесу өткізді.
Zoom платформасы арқылы ұйымдастырылған кездесуге ауданның 50-ге жуық білім беру ұйымдарының басшысы қатысты.
Кездесу барысында білім беру саласындағы еңбек қатынастары, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы өзара қарым-қатынас, сондай-ақ еңбек заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.
Кәсіподақ өкілдері басшыларға құқықтық мәселелер бойынша түсіндірмелер беріп, күнделікті қызмет барысында кездесетін өзекті сауалдарға заң аясында жауап ұсынды. Сонымен қатар, еңбек дауларының алдын алу, еңбек заңнамасын дұрыс қолдану және қызметкерлердің құқықтарын қорғауда кәсіподақ ұйымының рөліне ерекше назар аударылды.
Еркін пікір алмасу форматында өткен жүздесу қатысушылар үшін тәжірибе бөлісіп, көкейдегі сауалдарға жауап алуға мүмкіндік берді.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
