Осындай өнегелі еңбек жолымен ерекшеленетін тұлғалардың бірі – Қайрат Кенжебайұлы. Биыл ол 63 жасқа толып, зейнет жасына жетті. Бұл – сан жылғы еңбекті саралап, өмір жолындағы жетістіктерге көз жүгіртіп, әріптестер мен шәкірттердің ыстық ықыласына бөленетін ерекше белес.
Қайрат Кенжебайұлы бар ғұмырын өнер саласына арнап, кәсіби қызметін білім беру және жас ұрпақ тәрбиесімен ұштастырып келеді. Қазіргі таңда Қ. Байсейітов атындағы саз колледжі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға өз үлесін қосуда.
Ұстаздық – тек білім берумен шектелмейтін, үлкен парасат пен жауапкершілікті қажет ететін мамандық. Әсіресе өнер саласында жас таланттарды тәрбиелеп, олардың шығармашылық қабілетін дамыту айрықша еңбекті талап етеді. Осы бағыттағы қызметі арқылы Қайрат Кенжебайұлы өнер мен білімнің сабақтастығын жалғастырып, кейінгі буынға кәсіби тәжірибесі мен тағылымын беріп келеді.
Мерейтой иесіне арналған құттықтау рәсіміне Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының төрағасы Мэлс Төлепбергенов қатысып, Қайрат Кенжебайұлын 63 жасқа толуымен құттықтады. Сонымен қатар кәсіподақ ұйымы атынан көп жылғы еңбегі мен кәсіби қызметіне көрсетілген құрметтің белгісі ретінде «Құрметті ардагер» төсбелгісін табыстады.
Аталған марапат – ұстаздың өнер мен білім саласындағы еңбегіне берілген лайықты баға, кәсіби жолына көрсетілген құрметтің айғағы. Еңбектің еленуі – әрбір еңбек адамы үшін үлкен мәртебе әрі рухани қолдау.
Мерейлі кеште әріптестері Қайрат Кенжебайұлымен бірге қызмет атқарған жылдардағы қызықты естеліктерімен бөлісіп, ізгі тілектерін білдірді. Ал шәкірттері ұстаздарына арнап ән шырқап, би билеп, кештің көркін қыздырды. Бұл – ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластық пен құрметтің жарқын көрінісі болды.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі
