Отырыс барысында кәсіподақ қызметін цифрлық жаңғырту, қаржылық және атқарушылық тәртіпті нығайту, ақпараттық ашықтықты арттыру, мүшелерге әлеуметтік қолдау көрсету және 2027 жылға арналған стратегиялық бағыттарды айқындауға арналған өзекті мәселелер жан-жақты талданып, талқыланды:

Облыстық, аудандық және қалалық кәсіподақ ұйымдарында іс жүргізуді электрондық форматқа көшіру барысы сараланды (Баяндамашы: маман Е.А. Крупко). Облыстық аппаратта «Almex» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу және құжат айналымын цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді. Сонымен қатар, аудандық және қалалық филиалдарда бұл бағыттағы жұмыстарды барынша жандандырып, бірыңғай цифрлық кеңістікке толық көшу қажеттігі баса айтылды.

Зайсан аудандық кәсіподақ ұйымының қаржылық қызметі, бухгалтерлік есеп жүргізуі және құжаттама тәртібіне жүргізілген тексеру қорытындылары тыңдалды (Баяндамашылар: бас бухгалтер Р.М. Ибраева, маман Е.А. Крупко; қосымша сөз алған — Зайсан аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қ.Е. Сайранов). Тексеру нәтижелері кәсіподақ жарналарының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын бақылауға, бухгалтерлік есептегі олқылықтардың алдын алуға және іс жүргізу сапасын арттырып, анықталған кемшіліктерді жоюға бағытталды.

ШҚО білім кәсіподағының 2026 жылғы ақпараттық қызметінің 10 айлық қорытындысы жан-жақты талданды (Баяндамашы: төраға орынбасары А.З. Конакбаева). Кәсіподақ қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуде ресми сайт пен әлеуметтік желілердің рөлі сараланып, 10 ай ішінде филиалдар ұсынған материалдардың сапалық кемшіліктері мен төмен көрсеткіш көрсеткен ұйымдардың жұмысы сынға алынды. Ақпараттық жұмысты жақсарту бойынша нақты ұсыныстар беріліп, тұрақты түрде кәсіподақтың жарғылық бағыттарына басымдық беру және сол бағытта атқарылған нақты істерді жүйелі түрде жариялап отыру міндеттелді.

Самар ауданы білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының өрттен зардап шеккен мүшесіне материалдық көмек көрсету мәселесі қаралып, бірауыздан оң шешімін тапты (Ақпарат беруші: маман Н.С. Базилева). Бұл шешім кәсіподақтың қиын өмірлік жағдайға тап болған әрбір мүшесіне жедел әрі нақты қолдау көрсету қағидатының іс жүзіндегі көрінісі.

Облыстық кәсіподақтың алдағы жылға арналған жұмыс жоспарының жобасы талқыланып, басым бағыттары мен негізгі міндеттері айқындалды (Баяндамашы: төраға орынбасары А.З. Конакбаева). Жоспар жобасында қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті нығайту аясында жаңа Келісім әзірлеп, іске асыру, цифрландыру үдерістерін тереңдету және кәсіподақ активінің кәсіби біліктілігін арттыру шараларына ерекше басымдық берілді.

2027 жылы кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасыларын сауықтыру мақсатында отандық шипажайлардың баға ұсыныстары мен қызмет көрсету шарттары салыстырмалы түрде талданды (Ақпарат беруші: маман Н.С. Базилева). Бұл бағыттағы басты мақсат — кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайту үшін емдеу-сауықтыру сапасы жоғары, қызмет көрсету деңгейі заманауи талаптарға сай демалыс орындарын тиімді шарттармен таңдау.

Алдағы жылға арналған «Білімді Ел – Образованная страна» республикалық білім беру газетіне жазылу науқанын ұйымдастыру барысы пысықталды (Ақпарат беруші: маман Н.С. Базилева). Кәсіподақтың қолдауы мен көмегінің арқасында салалық басылымға жазылу педагогтердің өзекті кәсіби және құқықтық ақпаратпен толық қамтылуына, сондай-ақ өңір ұстаздарының озық тәжірибесін республикалық деңгейде кеңінен насихаттауға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Сонымен қатар, отырыс барысында кәсіподақ қызметінің ағымдағы өзге де ұйымдастырушылық және қосымша сұрақтары қаралып, олар бойынша тиісті түсініктемелер мен әдістемелік нұсқаулар берілді. Жиын қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша нақты қаулылар қабылданып, аудандық және қалалық кәсіподақ ұйымдарына орындау мерзімдері нақтыланған тапсырмалар жүктелді.


Шығыс Қазақстан облысы