Ақтөбе облысы Темір ауданы Алтықарасу мектеп-балабақшасының 100 жылдық мерейтойы «Ғасыр қойнауындағы ғибрат ордасы» тақырыбымен салтанатты түрде аталып өтті. Бір ғасырлық тарихы бар білім ордасының мерейтойы – талай ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған жандарға көрсетілген зор құрметтің белгісі.
Ғасырлық тойға аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Н.Сабенова қатысып, мерейтой иелерін айтулы қуанышпен құттықтады. Өз сөзінде ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ұстаздар еңбегінің маңыздылығын атап өтіп, мектеп ұжымына ізгі тілегін білдірді.
Мерейтой аясында ұлттық құндылықтар мен салауатты өмір салтын дәріптеген спорттық сайыстар да ұйымдастырылды. Волейбол, асық ату, ләңгі тебу, қол күрес және арқан тарту ойындары қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекенің ажарын аша түсті. Гала-концертте мектеп түлектері мен өнерпаздар әннен шашу шашып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Мерекелік шара барысында ұстаздар қауымы мен мектеп ұжымына лайықты құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, бірқатар азаматтарға «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісі, салалық кәсіподақтың, облыстық және аудандық кәсіподақ ұйымдарының Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар мектеп ұжымына 500 мың теңгелік сертификат, 5 шипажайға және тарихи-танымдық саяхатқа 5 жолдама тарту етілді. Бұл – ұстаздар еңбегіне көрсетілген зор құрмет пен кәсіподақ ұйымының жан-жақты қолдауының айқын дәлелі.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
