Халықаралық ғылыми жиынды Түркияның білім беру қызметкерлері кәсіподағы – Türk Eğitim-Sen және Халықаралық Еуразия білім беру кәсіподақтары одағы (UAESEB) ұйымдастырды. Биылғы конгресс түркі әлемінің рухани тарихында ерекше орын алатын ұлы ойшыл Шейх Эдебалидің өмірден өткеніне 700 жыл толуына арналды.
46 елден 1 327 ғалым мен білім беру саласының өкілі қатысқан конгресте 1 048 ғылыми таныстырылым ұсынылды. Қазақстаннан тоғыз профессор-оқытушы қатысып, еліміздің ғылыми әлеуетін таныстырды. Конгрестің салтанатты ашылуында Türk Eğitim-Sen және UAESEB ұйымдарының басшысы Талип Гейлан сөз сөйлеп, түркі мемлекеттері арасындағы ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталды. Ғылыми жиында білім беру сапасын арттыру, оқытушылардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, жоғары білім беру жүйесін жаңғырту, ұлттық құндылықтарды сақтау, тіл, әдебиет және тарихи-мәдени мұраны зерттеу мәселелері талқыланды.
Білім беру жүйесіндегі цифрлық өзгерістер мен жасанды интеллект технологияларын қолдануға да ерекше назар аударылды. Ғалымдар жаңа технологиялардың білім беру мен ғылыми зерттеулерге ықпалы, цифрлық сауаттылықты арттыру және осы бағыттағы бірлескен жобаларды дамыту жөнінде тәжірибе алмасты. Конгресте түркі халықтарының ортақ тарихы, тілдік жақындығы мен рухани сабақтастығына арналған ғылыми талқылаулар маңызды орын алды. Шейх Эдебали мен Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы сөз болып, олардың өнегелі ойларының бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі мәні атап өтілді.
Осы тұрғыдан алғанда, түркі әлемінің көрнекті ағартушысы Исмаил Гаспиралидің «Тілде, пікірде, істе – бірлік!» деген ұлағатты қағидасы конгрестің негізгі мұратымен үндеседі. Халықаралық конгрестің тағы бір маңызды қыры – ғылым мен білім қызметкерлері кәсіподақтарының ғылыми ынтымақтастықты дамытуға қосып отырған үлесі.
Кәсіподақтардың міндеті қызметкерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғаумен ғана шектелмейді. Педагогтар мен ғалымдардың кәсіби дамуына қолдау көрсету, олардың ғылыми әлеуетін арттыруға және халықаралық тәжірибе алмасуына жағдай жасау да кәсіподақ жұмысының маңызды бағыттарының бірі.
Осы орайда қазақстандық ғалымдардың конгреске қатысуы шетелдік әріптестермен кәсіби байланыстарды кеңейтуге, ғылыми тәжірибе алмасуға және болашақтағы бірлескен зерттеулерге негіз қалады. Тарих бізге ортақ тамыр сыйлады. Ал сол тамырдан келер ұрпаққа сая болар бәйтерек өсіру – білім мен ғылымның ұлы мұраты!
Анталияда өткен халықаралық конгресс ортақ тарихи мұраны дәріптеп қана қоймай, түркі әлемінің ғалымдарын жақындастырған, білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін берген маңызды басқосу болды.
