Хадиша Ізденқызы 1969 жылы 22 сәуірде Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Бейнеу ауылында дүниеге келген. Білімге деген құштарлығы оны 1986 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың дене шынықтыру институтына алып келеді. Алайда сол кезеңдегі тарихи оқиғалар мен қоғамдық жағдайларға байланысты оқуын сырттай бөлімде жалғастыруына тура келеді. Соған қарамастан, ол білім алуға деген ынтасын жоғалтпай, таңдаған бағыты бойынша ізденісін жалғастырады. 2007 жылы Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетіне оқуға түсіп, дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын тәмамдайды. Еңбек жолын ұстаздықпен ұштастырған Хадиша Ізденқызы 2009 жылдан бері №4 жалпы білім беретін мектепте қызмет атқарып келеді. Бүгінде жоғары білімді педагог-зерттеуші ретінде мол тәжірибе жинақтап, білім беру саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған білікті маман.
Ол үшін дене шынықтыру сабағы – тек спорттық жаттығулар мен нормативтерді орындау алаңы емес, оқушы бойында тәртіп, төзімділік, табандылық, ұйымшылдық пен жауапкершілік қалыптастыратын тәрбие мектебі. Ұстаздың ұстанымы – дені сау ұрпақ тәрбиелеу арқылы ел болашағының берік негізін қалыптастыру. Осы бағытта ұлттық құндылықтарды дәріптеу, дәстүрлі ойындарды жаңғырту, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру жұмыстарына да айрықша көңіл бөледі. Себебі ұлттық ойындар – халқымыздың мәдени мұрасы ғана емес, ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды құрал.
Хадиша Ізденқызының көпжылдық еңбегі мен кәсіби ізденісі елеусіз қалған жоқ. Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталған. Сонымен қатар «Ұлттық патриот» және «Ұлт патриоты» медальдарының иегері. Маңғыстау облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін марапатталып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі үшін Құрмет грамотасымен наградталған. Ұлттық құндылықтарды насихаттау мен ұлттық ойындарды жаңғырту бағытындағы қызметі «Ұстаз» грамотасымен бағаланса, дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі де арнайы марапаттарға ие болған. Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына орай «Желтоқсан батыры» медалімен марапатталуы да оның өмір жолындағы маңызды белестердің бірі. Ал республикалық деңгейдегі «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында II дәрежелі дипломға ие болуы – кәсіби ізденісі мен шығармашылық әлеуетінің көрінісі. 2023 жылы «Үздік педагог» атағын иеленуі оның ұстаздық қызметіне берілген жоғары бағаның айғағы болды.
Әрине, марапат – еңбектің сыртқы бағасы. Ал ұстаз үшін ең үлкен жетістік – шәкіртінің жетістігі мен қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуы. Осы тұрғыдан алғанда, Хадиша Ізденқызының ұстаздық жолындағы әрбір жетістігі жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Оның тұлғалық болмысын айқындайтын тағы бір қыры – қоғамдық белсенділігі мен қайырымдылық қызметі. Ол денсаулығына байланысты көмекке мұқтаж балаларға, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі отбасыларға қолдау көрсетіп, волонтерлік жұмыстарға белсенді қатысады. Бұл – оның тек кәсіби маман ғана емес, айналасына жанашырлықпен қарайтын азамат екенін көрсетеді.
Шын мәнінде, адамгершілік адамның атқарған қызметімен ғана емес, өзгеге жасаған жақсылығымен де өлшенеді. Өзгенің мұңына ортақтасып, көмекке мұқтаж жанға қол ұшын созу – үлкен жүректің белгісі. Хадиша Ізденқызының қоғамдық жұмыстарға араласуы мен қайырымдылық бағытындағы істері осы ұстанымның айқын көрінісі.
Тұлғаның өмір жолын өзі өмір сүрген дәуірмен байланыстыра қарастырсақ, оның еңбек жолы еліміздегі білім беру жүйесінің жаңару, ұлттық құндылықтардың қайта жаңғыру және салауатты өмір салтын насихаттау кезеңдерімен сабақтасып жатыр. Қоғам өзгерген сайын ұстазға қойылатын талап та арта түседі. Осындай өзгерістерге бейімделіп, кәсіби білімін жетілдіріп, ұлттық тәрбие мен заманауи білімді ұштастыра білу – нағыз педагогке тән қасиет. Бүгінде Хадиша Ізденқызы үшін ұстаздық қызмет пен отбасылық жауапкершілік қатар өріліп келеді. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған ана ретінде ол отбасы құндылықтарын да өмірінің маңызды бөлігі санайды. Өйткені ұрпақ тәрбиесі ең алдымен отбасынан басталып, мектеп қабырғасында жалғасын табады. Кенжебекова Хадиша Ізденқызының өмір жолына көз жүгіртсек, оның басты ерекшелігі – қандай кезеңде де таңдаған жолына адал болып, еңбекті өмірлік қағидасына айналдыруында. Білімге ұмтылуы, кәсіби ізденісі, ұстаздық қызметі, қоғамдық белсенділігі мен қайырымдылық істері бір арнаға тоғысқан. Ұстаздың өмір жолы – кейінгі буынға үлгі боларлық өнеге. Өйткені елдің ертеңі білімді ұрпақтың қолында болса, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Хадиша Ізденқызының ғұмыры бізге табандылықтың, адал еңбектің, адамгершілік пен жанашырлықтың ешқашан мәнін жоғалтпайтынын аңғартады.
Ұстаздың ұлылығы – алған марапатында ғана емес, тәрбиелеген шәкіртінің жүрегінде қалдырған ізінде. Ал сол іздің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы – еңбектің ең үлкен жемісі.
Р.Н.Текеева, Маңғыстау облысы, Мұнайлы аудандық филиал төрағасы
