ҚАЗАҚСТАН-ТҮРКИЯ БІЛІМ КӘСІПОДАҚТАРЫНЫҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ
28 қазан 2023 жылы Астанада Салалық кәсіподақ төрағасы А.Мұқашева бастаған Орталық аппарат мамандары Түркия Республикасының «Eğitim-Bir-Sen» білім кәсіподағы өкілдерімен кездесті.
Кездесу аясында А.Мұқашева қонақтарды Салалық кәсіподақ қызметімен, Қазақстандағы педагог мамандардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында кәсіподақ тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
– Ғасырға жуық тарихы бар Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы түбі бір Түрік елінің «Türk Eğitim sen» білім кәсіподағымен (төрағасы Талип Гейлан) көп жылдан бері сындарлы әріптестік орнатқан. Бауырлас елдердің арасындағы мәдени, рухани байланыстардың кеңінен дамуы кездейсоқ құбылыс емес. Салалық кәсіподақ халықаралық әріптестікке негізделген сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі,- деді А. Мұқашева.
Түркия Республикасының «Eğitim-Bir-Sen» білім кәсіподағы өкілдері: төраға орынбасарлары Онер Месут Демирчи, Дениз Али Самсат және халықаралық қарым-қатынастар сарапшысы Джесур Нурулла көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс білдіріп, Түркия Республикасының “Eğitim-Bir-Sen” білім кәсіподағы Қазақстандық салалық кәсіподақпен әріптестік байланыстарды дамытуға ниетті екенін жеткізді.
Кездесу барысында тараптар бірлескен жобалар әзірлеу, тәжірибе алмасу және қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған тиімді екіжақты әріптестік мәселелерін талқыға салып, өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Кәсіподақтар үйіндегі келелі кездесуден кейін қонақтар Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне барып, білім ордасының тыныс- тіршілігімен танысты.
Түстен соң меймандар Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігіне барып, елшілік жұмысымен танысты.
Ауқымды бағдарлама ертең де жалғасады. Оның аясында Түрік әріптестер Елордадағы орта, қосымша білім беру ұйымдарымен , сонымен қатар Астананың тарихи-мәдени, көрікті жерлерімен танысады.
-
Фотографии
-