МЕЖДУНАРОДНАЯ АКЦИЯ «16 ДНЕЙ АКТИВНОСТИ ПРОТИВ ГЕНДЕРНОГО НАСИЛИЯ»
«Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігіне қарасты барлық мүшелік ұйымдар 25 қараша - Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күні мен 10 желтоқсан – Адам құқықтары күні аралығында өткізілген 16 күндік акцияға белсене қатысты.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әйелдерге қатысты жасалу қаупінің жоғары мәнге ие болуы Қазақстан Республикасының халықаралық құқық қорғау келісімдерін ратификациялай отырып, әйелдерді мемлекеттік, сондай-ақ, жеке тұлғалар жасайтын зорлық-зомбылықтан қорғау жөнінде өзіне міндеттемелер алуына әкелді. Бұл ҚР Конституциясында және халықаралық құқықтық құжаттарда бекітілген ережелер мен бірқатар нормативтік актілерде нақтыланады. Олар: ҚР Азаматтық кодексі, ҚР Қылмыстық кодексі, ҚР Еңбек кодексі, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі, ҚР «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңы және т. б. Мұнда әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауды реттейтін негізгі баптар мен заңдар келтірілген. Қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасын шешу қоғамның осы проблеманың тереңдігін түсіну дәрежесіне, ең алдымен зорлық-зомбылықтың өршуінде көрінетін салдарына тікелей байланысты. Осыған байланысты, акция аясында өңірлердегі барлық облыстық, аудандық, бастауыш кәсіподақ ұйымдарында аталған шара кең қарқында аталып өтті. Іс шаралар форматы семинар-тренингтер, психологиялық тренингтер, сауалнама, дөңгелек үстел, профилактикалық әңгімелесу, кездесу, пікірталас, класс сағаттары, суреттер көрмесі түрінде өткізілді. Осынау ағартушылық іс-шаралар арқылы отбасылық зорлық-зомбылыққа қоғамның назарын белсенді аудару және оған бейжай қарамау керектігі түсіндірілді. Барлық өткізілген іс-шаралар Instagram, Facebook беттерінде жарияланды.
Қалалық, аудандық полиция бөлімдерінің инспекторларының қатысуларымен кездесулер өткізілді, арнайы бейнероликтер көрсетіліп, ақпараттық кітапшалар таратылды.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңның негізгі ережелерін түсіндіру бағытында буклеттер, жаднамалар мен плакаттарды тарату жұмыстары саябақтарда, алаңдарда жүргізілді.
«Зорлық-зомбылыққа қарсымыз!» ұранымен ауқымды флешмоб, мұғалімдер арасында дөңгелек үстел, дебат, кездесулер ұйымдастырылды.
Облыстық кәсіподақ ұйымдарының ұйымдастыруымен қалалық, облыстық мәслихат депутаттарының, дағдарыс орталықтарының басшыларының, қоғамдық бірлестіктер басшыларының, медицина қызметкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер өткізілді. Қысқаша, мәлімет ретінде келтіретін болсақ, мысалы Қызылорда облысындағы «Анаға тағзым» орталығында барлық мектептердің әйелдер кеңесі төрайымының қатысуымен «Ұлықты әйел - ел ұйтқысы» атты ашық есік күні өтсе, Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында бейнероликтер байқауы өткізілді. Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында «Руханият» қосымша білім беру орталығы ғимаратының негізінде аудандық кәсіподақтың ұйымдастыруымен, аудандық әкімдік, полиция, білім, әлеуметтік бағдарламалар мен жұмыспен қамту бөлімдерінің қатысуымен халық, оқушылар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, құқықтық сауаттылылық барысына аса мән берілді. Маңғыстау облысында Еңбекші әйелдер жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен Қазақстандық халықаралық адам құқықтары және заңдылық бюросының Маңғыстау филиалының директоры, «Мейірім» қоғамдық бірлестігінің төрағасының қатысуымен іс-шара өткізілді. Павлодар облысында барлық білім беру мекемелері басшыларының, бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларының, аналар кеңесінің, қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен «Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Абай облысында еңбекші әйелдер жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен жергілікті университеттегі психологиялық қызмет басшысының қатысуымен психологиялық тренинг өткізілді.
"Әрбір отбасы шағын мемлекет",- екенін ескере отырып, осы шағын мемлекеттердан құралатын Қазақстан атты үлкен еліміздің болашағы жарқын болуы жолындағы отбасы түсіністігі мен қызметкерлердің құқығы мен мүддесінің сақталуы жолындағы жұмыстар әрі қарай да жүргізіле бермек.