
Жаңартылған білім беру мазмұны үшін берілетін қосымша ақы туралы
Салалық кәсіподақтың әлеуметтік желілердегі парақшаларына мұғалімдерден жаңартылған білім беру мазмұны үшін берілетін қосымша ақы - базалық лауазымдық ақының, яғни 17 697 теңгенің 30% құрайтыны туралы жазылған сауалдарына қатысты келесі түсіндірме беріледі.
Ұйымдық-құқықтық нысаны мемлекеттік мекеме, қазыналық кәсіпорын қызметкерлерінің айлықақы, қосымша және үстеме ақыларының есептелу тәртібі «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қараты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 Қаулысымен (әрі қарай - Қаулы) белгіленген.
Қаулының 4-Қосымшасының 2-тармағы 11)-тармақшасына сәйкес жаңартылған білім беру мазмұны бойынша бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап лауазымдық айлықақыдан (ЛА) 30% көлемінде қосымша ақы белгіленген.
Көрсетілген қосымша ақы нақты апталық оқу жүктеме көлемінен есептелген ЛА-дан жүргізіледі.
Мысалы, мұғалімнің апталық оқу жүктемесі 24 сағат, білімі жоғары, біліктілік санаты педагог-зерттеуші, педагогикалық еңбек өтілі 26 жыл болған жағдайда жаңартылған білім беру мазмұны үшін берілетін қосымша ақы келесі жолмен есептеледі:
1. Жоғарыда көрсетілген Қаулының 2-қосымшасына сәйкес 25
жылдан жоғары педагогикалық еңбек өтіліне ЛА есептеуге В2-2 буыны бойынша – 5,2 коэффициенті белгіленген.
«Педагог мәртебесі туралы» заңында айлықақыны есептеу үшін көзделген нормативтік оқу жүктемесі 16 сағатқа: ЛА = (17 697 * 5,2) = 92 024 *2,0 = 184 049 тг. құрайды;
Нақты оқу жүтемесі 24 сағатқа: ЛА=184 049 *24/16 = 276 073 тг. құрайды;
2. Жаңартылған білім беру мазмұны үшін ЛА-дан есептелетін қосымша ақы: 276 073 * 30% = 82 821 тг. құрайды.
Мұғалім ауылдық жерде жұмыс істейтін жағдайда, ЛА 25 пайызға арттырылып, шыққан нәтижеден жаңартылған білім беру мазмұны үшін қосымша ақы есептеледі: ЛА= (276 073*1,25)=345 091 тг. 345 091 * 30% = 103 527 тг. болады.