САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ӨКІЛДЕРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМҒА ҚАТЫСТЫ
1-2 қыркүйек күндері Ыстамбұл қаласында бауырлас Түрік елінің «Eğitim Bir Sen» кәсіподағының ұйымдастыруымен «Дағдарыс жағдайындағы білім және еңбектің болашағы» халықаралық симпозиумы өтті.
Симпозиум жұмысына 50-ден астам мемлекеттің білім кәсіподағының өкілдері делегат ретінде қатысты.
Панельдік сессияларда халықаралық кәсіподақ өкілдері білім саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғаумен қатар әлеуметтік әріптестікті дамыту, дағдарыс жағдайындағы кәсіподақ қызметі тақырыптарында өз тәжірибелерімен бөлісті. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева шетелдік әріптестермен бірге елімізде кәсіподақ тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар, пандемия жағдайындағы кәсіподақ қызметі, әлеуметтік әріптестіктің дамуы туралы баяндады.
Шара барысында кәсіподақ өкілдері халықаралық деңгейде тығыз байланыс орнатуға, өзара әріптестік аясында кәсіподақ жұмысына мемлекеттік органдардың араласуына жол бермеуге бірлесіп әрекет етуге, ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.
Екі күнге созылған симпозиум жұмысының қорытындысында әріптестермен ортақ пікір алмасып, дағдарыс жағдайында жұмыла жұмыс істеу тәсілдері талқыланды. Басқосудың кәсіподақ қызметіне тың серпін беріп, жұмыс тәсілдерін жетілдіруге сеп болары сөзсіз.