САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ӨКІЛДЕРІ ШЕТ АУДАНЫНДА БОЛДЫ
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрағасы Айгүл Мұқашева бастаған топ жұмыс сапарымен Шет ауданында болды.
Делегацияны аудан әкімі Мұхит Мұхтаров қабылдады. Кездесуде білім саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жолында атқарылып жатқан ауқымды міндеттер талқыланып, болашаққа жаңа межелер белгіленді.
Ресми кездесуден соң кәсіподақ көшбасшыларының жұмыс жоспарына сәйкес мәдениет үйінде семинар өтті. Ардагерлер мен білім саласының бүгінгі қызметкерлері қатысқан жиында кәсіподақтың соңғы жылда еңбек қатынастарын реттеу мен еңбекті қорғау, кәсіподақ мүшелері мен балаларын сауықтыру, ынталандыру бағытында жүзеге асырылған ілкімді істері баяндалды. 2018 жылдан бері Шет ауданының 312 тұрғыны кәсіподақтың жолдамасымен денсаулығын дұрыстаса, өткен жылы 136 білім саласы қызметкерінің еңбегі «Еңбек ардагері» медалімен, «Қарағанды облысының білім беру саласы құрметті педагогы», «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталарымен еленді.
Құқықтық көмек көрсетуде де қарап қалмайтын кәсіподақ заңсыз жұмыстан босатылған әріптесіміздің мүддесін сотта қорғап, жұмысқа қайтып оралуына себепкер болғаны тағы бар. Одан бөлек ауыл мектептерінің ұстаздарына коммуналдық қызметтер ақысын төлеу, еден жуушыларға үстемақы тағайындау, еңбек демалысын 30 күнге ұзарту, кітапханашылар мен есепшілердің еңбек демалысына қосымша 3 күн беру, автомобиль жүргізушілері мен электриктерге 1 жалақы көлемінде сауықтыру ақысын төлеу сынды игіліктердің бәрі кәсіподақ пен жергілікті атқарушы биліктің диалогы арқасында мүмкін болды.
Алдағы күндері де өз мүшелерінің сенімді қорғаны болатынын жеткізген кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева мен Марат Қоңырбаев кәсіподақ белсенділерін марапаттап, «Мектепке жол» акциясы шеңберінде мұқтаж отбасыларға қаржылай қолдау көрсетті.