Поздравление Айгуль Мукашевой - председателя Казахстанского отраслевого профсоюза работников образования и науки с Днем защитника Отечества и Днем Победы
Ардақты соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері! Қымбатты достар!
Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Осынау қасиетті де қастерлі мерекелер Ұлы Отанымыздың ұландарын ұлықтап, сұрапыл соғыста жанкештілікпен ерлік көрсеткен майдангерлерімізге тағзым ететін ерекше күн.
Биыл жеңіс жалауының желбірегеніне 77 жыл толып отыр. Қан майдандағы шайқастар мен ерен ерліктердің естелігі жыл өткен сайын ұрпақтан ұрпаққа, жүректен жүрекке жетіп, жаңғыра бермек.
Майдан даласында жаумен айқасып, еліне оралмай ерлікпен қаза тапқан боздақтарды еске алу бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы.
Тәуелсіздік тұғырының берік болуы, еліміздің өркендеуі мен бірліктің бұзылмас қамалы сұм соғыста соңғы демі қалғанша күрескен жанқиярлық ерліктің нәтижесі, халқымыздың өрлігі мен даңқының жарқын көрінісі.
Тәуелсіздігіміз бен бейбітшілігімізді кірпік қақпай күзетіп, халқымызға қорған болар ұлттық ұланымызға отан үшін кеуделерін оққа тосқан аға ұрпақтың қайсар рухы үлгі болып, әскеріміздің айбыны арта берсін!
Ел іргесі бүтін, жұртымыз аман, тәуелсіздіктің көк байрағы биік, мәртебеміз жоғары, ынтымағымыз ырысты, береке-бірлігіміз бекем болғай!
Баршаңызға мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-дәулет, молшылық тілеймін. Мерейлі мерекелер жүздеріңізге күлкі, көңілдеріңізге қуаныш сыйласын!
Құрметпен,
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ төрайымы А.Мұқашева