ҰЛЫ АБАЙ ЕЛІНЕ ТАҒЗЫМ
Салалық кәсіподақ көшбасшыларының Семей жеріне сапары 23 маусым күні өңірдегі бірқатар киелі орындарға тәу етумен жалғасты. Таңертең делегация Абай ауданына аттанды. «Күшікбай бұлағының» киелі суынан дәм татып , Бөрлі ауылындағы «Мұхтар Әуезовтың мұражай үйін» тамашалады. Ұлы Абайдың кіндік қаны тамған жер Сырт Қасқабұлаққа соғып, Еңлік-Кебек ескерткішіне тағзым етті. Жидебайдағы Абайдың мұражай үйінде болып, Абай-Шәкәрім кесенесіне барып, арнайы құран бағыштады.
Түстен соң Абай ауданына келген делегацияны аудан орталығындағы Абай ескерткішінің жанында аудан әкімі Н.Әбдікәрімов күтіп алды. Нұржан Оразбекұлы әлеуметтік әріптестік аясында өңірде кәсіподақ тарапынан айтулы жұмыстар жүргізіліп жатқанын ерекше атап өтіп, Абай ауданының тыныс-тіршілігі туралы аз-кем мәлімет берді. Өз кезегінде Салалық кәсіподақ төрайымы А.Мұқашева әкімді 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтап, еңбегіне табыс тіледі.
Бұдан соң Абай ауданында орналасқан Абай мектеп-лицейінде ұстаздармен кездесу болды. А.Мұқашева кәсіподақ мүшелерін Салалық кәсіподақ қызметі туралы ақпараттармен таныстырды. Кәсіподақ қозғалысын дамытуға үлес қосып, қоғамдық өмірге белсенді араласқаны үшін мектеп директоры Р.Тілеухановты «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Ұстаздар Г.Ғалиева, М.Смагұлова, Қ.Құликеновке Салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталары табыс етілді.
Кездесуде сөз алған Абай ауданы білім бөлімінің басшысы Б.Сықақова, мектеп директоры Р.Тілеуханов кәсіподақпен тығыз әріптестік орнатудың арқасында жүзеге асырылып жатқан игі жұмыстар туралы айтты. Мектеп-лицейдегі керемет кездесуде оқушылар ән мен жырдан шашу шашты.
Киелі мекенге сапар талай тарихи әңгімелерге арқау болған «Қоңыр әулие үңгіріне» тәу етумен аяқталды. Ұлылар мәңгілік тыныс тапқан мекенге табаны тиген әріптестер қасиетті орындардан алған әсерлерімен бөлісті.
- Ұлы тұлғаларымыздың ізі қалған киелі мекенге алғаш рет келіп тұрмын. Көне ғасырлар көшінен сыр шертетін тарихи-мәдени ескерткіштерден алған әсерім ерекше. Осынау шараны ұйымдастырған Салалық кәсіподаққа, Семей аумақтық ұйымына алғысым шексіз. Қасиетті Семейдегі сапарымыз мәңгі жүрегімізде сақталады,- деді "Нұр-Сұлтан қаласының "Әділет" білім беру қызметкерлерінің кәсіптік одағы" ҚБ өкілі Балсұлу Наурызбаева.
- Баршамызға белгілі, 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халқымыздың ұлы перзенті Абайдың мерейтойын той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілуі тиіс деген еді. Мемлекет басшысының саясатына сәйкес, Салалық кәсіподақ тарапынан өткен жылы Абайдың мерейтойына орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның аясында баба рухына тағзым етіп, қасиетті мекенге келуді біз былтыр жоспарлағанбыз. Өкінішке орай, пандемия салдарынан бұл жоспарымыз орындалмады. Осыған байланысты Салалық кәсіподақтың Атқару комитетінің кезекті отырысын Семей топырағында өткізіп, туған өлке тарихына тәу етуге арнайы келіп отырмыз. Еліміздің еңсесі биік болуы үшін өткенімізді түгендеп, ұлтымыздың шежірелі жолын танып-білу, ұлы тұлғаларымызды ұлықтау – бүгінгі ұрпаққа міндет. Біз бұл бағытта игі жұмыстарды жүргізуді басқа өңірлерде де жалғастырамыз – деп түйіндеді Салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мұқашева Семей өңіріне сапарының мақсат-міндетін.
Қазақстандық салалық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі
қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-