САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ ОНЛАЙН КЕҢЕСІ
2020 жылғы 8 қазанда Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы жанындағы Жастар істері жөніндегі кеңесінің активі онлайн режимінде бас қосып, аймақтардағы атқарылған жұмыстардың қорытындысын талқылады.
Отырысты Кеңес төрағасы Рүстем Бейшов жүргізді. Маңызды мәселелердің бірі ретінде 2-қыркүйекте өткен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVI съезі туралы ақпарат берілді. Себебі, Салалық кәсіподақ мүшелігі қатарынан жас ұстаздар делегат ретінде қатысты. Жастар кеңесі мүшелерінің назарына Федерацияның XXVI Съезінің стратегиясы, алға қойылған негізгі мақсат-міндеттері таныстырылып өтті. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, пандемияның салдарынан 2020 жылғы ІІ тоқсанда елімізде 368,5 мың адам жұмыссыз қалған. Бұл аз көрсеткіш емес, сондықтан көпшілікті алаңдатса керек.
Төтенше жағдай режимі кезінде Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдарының Салалық және аймақтық келісімдер мен ұжымдық шарттарға енгізілген қосымшаларына сәйкес білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақыларының толық сақталуына орай жас ұстаздар Салалық кәсіподаққа алғыстары мен ризашылықтарын білдіруде.
Жас ұстаздардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Салалық кәсіподақ заңгерлерінің қатысуымен аймақтық онлайн семинарлар өткізуді қолдап, жақын арада бұл бағытта бірқатар шаралар жүзеге асырылмақ. Мұндай шара жас педагогтың құқықтық білімін кеңейтуге ықпал етері сөзсіз.
Жастар кеңесінің мүшелері аймақтарда жүргізіп жатқан іс-шаралары жөнінде ақпараттарымен бөлісті. Отырыс өте нәтижелі, әрі пайдалы өтті. Жұмыс жоспарына сәйкес 2021 жылы «Үздік жастар кеңесі» байқауын, «Кәсіподақ – қолдаушы күш» бейнеролик додасын және басқа да игі шараларды өткізу жоспары бар.