Поздравление Айгуль Мукашевой - председателя Казахстанского отраслевого профсоюза работников образования и науки с Днем учителя
ҚҰРМЕТТІ ҰСТАЗДАР!
ҚАДІРЛІ ӘРІПТЕСТЕР! АРДАҚТЫ САЛА АРДАГЕРЛЕРІ!
Сіздерді төл мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ұстаз – ұлағатты есім, қастерлі ұғым, киелі тұлға. Адамзат тарихында білімнің, өркениеттің мүддесі үшін қызмет етер ұстаздың еңбегі ерен. Сол үшін де қай қоғамда болмасын ұстазға көрсетілер құрмет ерекше.
«Алты алаштың басы қосылғанда ең мәртебелі орын ұстаздарға тиесілі» деп ұлт зиялысы Мағжан Жұмабаев атап өткендей, ұстаздың қадірін, мұғалім мәртебесін көтеру мәселесі қоғамда күн тәртібінен түскен емес. Осының арқасында елімізде соңғы жылдары сала қызметкерлерінің игілігіне бірқатар ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Соның бірі - мұғалімнің мерейін өсіріп, абыройын арттыруға бағытталған «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы. Қолданылғанына аз уақыт болса да заң қордаланған мәселердің түйінін шешті, тиімді тұстарын көрсетті. Алдағы уақытта да маңызды құжат педагогтар мүддесін танытып, мәртебесін асқақтатуға қызмет етеді деп сенеміз.
Ұстаздай қадірлі мамандыққа мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, жан-жақты қолдау көрсетілуі құптарлық іс. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұғалімдердің әл-ауқатын көтеріп, жалақысын екі есе арттыруға қатысты берген тапсырмасы осының айғағындай. Ұлт болашағын тәрбиелеуші ұлағатты мамандық иелерін қамқорлау қашанда өзекті. Бұл тұрғыда, педагогтардың кәсіби мүддесі мен еңбек құқықтарын қорғау Салалық кәсіподақ жұмысының басты бағыты бола бермек.
Қадірлі әріптестер! Сіздердің әрқайсыларыңызға жарқын жетістіктер, ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ерен еңбектеріңізге толайым табыстар тілеймін. Отбасыларыңызға бақ-береке, шаңырақтарыңызға шаттық орнасын. Мейрам құтты болсын!
Ізгі ниетпен, Қазақстандық салалық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподағының төрайымы А.Мұқашева
қызметкерлері кәсіподағының төрайымы А.Мұқашева