САЛАЛЫҚ БІЛІМ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА БОЛДЫ
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашеваның аймаққа екі күндік жұмыс сапары 27 ақпанда Индер ауданынан басталды. Салалық кәсіподақ өкілдерін аудан әкімі Мейірім Қалауи қабылдады. Аудан басшысы шалғайдағы ауыл педагогтеріне жаңа заңның нормаларын түсіндіруге арнайы келгені үшін Айгүл Мұқашеваға алғыс айтып, сапарына сәттілік тіледі.
Аудан орталығы Индербор селосында 300-ге жуық педагог бас қосқан жиында Салалық кәсіподақ басшысы "Педагог мәртебесі туралы" заңына түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қоғамдық бірлестіктің атқарған жұмыстарына қатысты ақпарат берді. Ұйымның құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева өңір педагогтарының түскен түрлі сауалдарға жауап берді.
28 ақпан күні Айгүл Мұқашеваны облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қабылдады. Кәсіподақ басшысы облыс әкімінің алдында аймақтағы педагогтар санатына жатпайтын білім беру ұйымдарындағы қызметкерлерге жергілікті бюджет есебінен коммуналдық төлемдерді жүргізу және жыл сайын тегін медициналық тексеруден өткізу туралы мәселелерді көтерді. Махамбет Досмұхамедов Салалық кәсіподақ өкіліне Заң талаптарын түсіндіруді мақсат еткен сапарына сәттілік тілеп, аймақтағы педагогтарды қолдау шараларының жан жақты жүргізілетініне сендірді.
Бұдан соң Салалық кәсіподақ өкілдері облыс орталығы Атырау қаласындағы N40 мектеп ғимаратында қаладағы сондай-ақ Исатай, Құрманғазы, Жылыой, Мақат, Қызылқоға аудандарының білім беру ұйымдарының 500-ге жуық педагог-ұстаздарымен кездесті. Түстен соң Махамбет ауданында ауданға қарасты білім беру ұйымдарының 200-ден астам қызметкері бас қосқан жиынға қатысты.
Аймақ педагогтарына Салалық кәсіподақтың өткен жылы атқарған қызметтері, сондай-ақ заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Өңірдегі сала мамандарының жаңа заңның нормаларына қатысты көптеген сұрақтары бары байқалды. Олардың бәріне жан жақты жауаптар беріліп, Салалық кәсіподақ өкілдеріне ұстаздар тарапынан алғыстар айтылды. Кездесуге келгендер осындай жиындардың пайдалы екендігін тілге тиек етті.
Бұл күні Айгүл Мұқашева облыстың басты арнасындағы "Алтын көпір" бағдарламасында қонақ болды. Тікелей эфирде тыңдармандар тарапынан түскен бірқатар сауалдарға жауап берді.
-
Фотографии
-