ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ
Бірнеше жылдар бұрын халықаралық ынтымақатастық аясында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы мен Түркия мемлекетінің Türk Eğitim Sen кәсіподақтары арасында өзара жұмыс жасау жөнінде меморандум жасалған.
Аталған меморандум аясында Қазақстан мен Түркия елдерінің ғалымдары, ұстаздары және кәсіподақ белсенділері өзара тәжірибе алмасу мақсатында екі елге іссапарға барып отырады. Соның бір айғағы – 2019 жылғы 10-12 шілде аралығында Türk Eğitim Sen кәсіподағының өкілдері елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласына келді.
Қазақ елінің қонақжайлылығымен етене таныс болған түріктер Салалық кәсіподақтың кеңсесінде болды. Сонымен бірге елорданың қақ төрінде орналасқан Бәйтеректі, EXPO көрмесін, АЛЖИР және ұлттық мұражайларды, Хазірет Сұлтан мешітін, жағалауды тамашалады.
Пікір алмасу барысында түрік әріптестеріміз кәсіподаққа қатысты көптеген сұрақтар қойып, ұстаздық жұмыстың ерекшеліктеріне көз жеткізді. Білім саласында туындайтын түйіткілдер туралы, жоғары мектеп пен орта білім арасындағы, сол сияқты мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтардың еңбекақылары мен айырмашылықтары, ерекшеліктері туралы ақпараттармен жете танысып, өз пікірлерін ортаға салды.
Қазақ пен түрік бауырластығының, тағдырларының ортақ және ата қонысы Орта Азия – Қазақстан жері екендігін аса жоғары сүйіспеншілікпен атап өтті.
Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан һәм түркі халықтары пір тұтатын Қожа Ахмет Йасауидың рухына тағзым ету үшін бабамыздың тарихын ерекше асқақтатын түріктер де сол облысқа ат басын бұрды. Түркілердің шыққан тегі, өскен жері деп құрметтейтін қасиетті де киелі Түркістан облысы кәсіподағының өкілдері шетелдік әріптес-қонақтарымызды әрі қарай облыс төңірегіне алып, қонақ қылды.
-
Фотографии
-