Қазақтың қайраткер Майрасы
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жыл сайын есімі ел аузында, биікті бағындырған тұлғалармен танымдық кездесулер өткізу дәстүрге айналған. Себебі бұл жоғары оқу орнының түлектерінің басым бөлігі өз ғұмырларын, еңбек жолдары мен тәжірибелерін білім мен ғылымның шыңдалуына, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге арнаған нар тұлғалар.
Осыған орай, 2019 жылғы 16-сәуірде білім мен ғылымның қара шаңырағында «Қазақтың қайраткер Майрасы» атты танымдық кездесу жоғары деңгейде өтті. Кездесудің бас кейіпкері осы университеттің үздік түлегі, БҰҰ Бас кеңесінің Халықаралық ақпараттық академиясының академигі, қоғам қайраткері, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Тұрғанқызы Амантаева.
Салтанатты кездесуге Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, п.ғ.д., профессор Тахир Оспанұлы Балықбаев Қазақстанның еңбек сіңірген, белгілі қоғам қайраткері Шәмша Көпбайқызы Беркімбаева, М.Амантаеваның ұстазы – Биғайша Есімова, ҚР ЖОО қауымдастығының вице-президенті, э.ғ.д. Али Әжімұлы Әбішев, М.Амантаеваның шәкірті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, с.ғ.д. Мәнсия Сапарғалиқызы Садырова, Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Садық Нұрсапаұлы Әбдіқадыров, «EDTECH-KZ» Халықаралық білім орталығының бас директоры, PhD докторы Ғани Бектайұлы Бейсембаев, Алматы қалалық «Ұстаз» кәсіподағының төрағасы Байгуттинов Серикжан Кадралинович, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар, магистранттар, студент жастары қатысты.
Танымдық кездесу өте тартымды өтті. Салалық кәсіподақ төрайымының орынбасары А.Мұқашева кездесудің бас кейіпкері М.Амантаеваның осы оқу орнын үздік бітіріп, еңбек жолындағы маман болып қалыптасуы кезеңінен бастап салалық кәсіподақтағы бүгінгі күнге дейін абыроймен атқарып келе жатқан елеулі жұмыстарын даралап баяндама жасады.
Салтанатты кездесуде Ш.К. Беркімбаева, Т.О. Балықбаев, Б. Есімова, А.Ә.Әбішев Майра Тұрғанқызы жайында көп ой толғаулары және пікірлерімен бөлісті. Олар сөз барысында Майра Тұрғанқызының білім беру саласында жаратылысында болмысы бөлек, мінезінің байлығы, терең білімі, ақыл-парасаты, ұйымдастырушылық қабілеті және көшбасшылық қасиеттерімен ерекшеленетінін атап өтті.
Танымдық кездесуді қорытындылай келе университет ректоры Т.О.Балықбаев ғылыми кеңес шешімімен М.Т.Амантаеваға университет профессоры құрметті атағын берді.
Кездесуге қатысушылар осындай іс шаралардың өткізілуі ұрпақтар сабақтастығын дәріптеуде үлкен орын алатынын айтып, ұйымдастырушыларға ыстық ықыластарын білдірді.
-
Фотографии
-