Талдықорғанда бастауыш кәсіподақ ұйымдарының «Біздің күшіміз бірлікте!» атты облыстық форумы өтті
Бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағалары мен белсенділерінің басты міндеті - кәсіподақ мүшелерінің жеке және ұжымдық әлеуметтік-еңбек, кәсіби, экономикалық және өзге де құқықтары мен мүдделеріне өкілеттік ету және қорғау болып табылады. Оны іске асыру бастауыш кәсіподақ кадрлары мен активінің білікті болуын, еңбек ұжымымен жұмыс істеу дағдысы мен іскерлікті талап етеді.
Осы ретте, кәсіподақтар бірлігін нығайту, жұмысын жандандыру, кәсіподақ көшбасшыларының жауапкершілігі мен беделін арттыру және әдістемелік көмек көрсету мақсатында Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы «Біздің күшіміз бірлікте!» атты облыстық форумын ұйымдастырды.
Облыстық деңгейде өткен шараға 7 аудандық, 2 қалалық комитеттер, орта мектептер, мектепке дейінгі мекемелер және спорт ұйымдары мен Талдықорған қаласындағы 24 оқу орындарындағы, барлығы 310 бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары шақырылды.
Форум жұмысына Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Амантаева, бас маманы Райхан Қыдырбаева, Алматы облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Майгүл Омарова, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев қатысты.
Алқалы жиынға төрағалық еткен Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров білім саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу жолында еңбек етіп жүрген бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларының жұмысына оң баға беріп, алға қойған мақсат-міндеттерін нақтылады. «Облыстық кәсіподақ ұйымы педагогтің мәртебесін көтеруге, жас ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, кәсіподақ мүшелері арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған «Ұстаз мәртебесі - ұлт мәртебесі», «Кәсіподақ - жастарға!» атты екі жобаны ұсындық. Сонымен қатар, мұғалім мамандығын игергісі келетін оқушылар арасында «Ұстаз болғым келеді» шығармашылық байқауы өтуде. Бұл бастамалардың барлығы кәсіподақ мүшелерінің игілігіне жасалып жатыр»,-деді өз сөзінде қоғамдық бірлестіктің төрағасы Садық Нұрсапаұлы.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Майра Амантаева өз сөзінде салалық кәсіподақтың қызметі –мүшелерінің құқығын қорғаудан бастап, жастар саясатын іске асыруға, ақпараттық жұмысты күшейтуге бағытталғанын айтып, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының негізгі аспектілеріне тоқталды.
Форум барысында кәсіподақ белсенділері өздерінің тәжірбиелерімен бөлісіп, ұсыныстарын білдірсе, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бас маманы – заңгері Райхан Қыдырбаева білім беру мекемелерінде еңбек заңнамасының қолданылуы турасында баяндап, заң аясында түсіндіру жұмысын жүргізіп, қатысушылардың сұрақтарына толыққанды жауап берді.
Соңында салалық кәсіподақтың төрайымы М.Амантаева кәсіподақ саласының дамуына қосқан еңбектері үшін бірқатар кәсіподақ белсенділеріне «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына айрықша сіңірген еңбегі үшін», «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерін және Құрмет грамоталарын салтанатты жағдайда табыс етті.
Алматы облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының
баспасөз қызметі
-
Фотографии
-