Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының ХІІІ есеп беру-сайлау Конференциясы өтті
Кәсіподақ жұмысындағы ең жауапты да елеулі кезең - есеп беру-сайлау Конференциясы болып табылады. Осы орайда, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы өзінің кезекті ХІІІ есеп беру-сайлау Конференциясын өткізді. Конференция жұмысына кәсіподақ төрағасы Майра Амантаева, облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, кәсіподақтар орталығының төрағасы Мейрамбек Төлепберген, бірқатар басқарма басшылары мен кәсіподақ белсенділері, ЖОО-ның ректорлары мен білім мекемелерінің басшылары, облыстық мәслихат депутаттары мен Конференция делегаттары қатысты.
Облыстық ұйымның есепті 2014-2018 жылдары атқарылған жұмысы туралы баяндамасында аталған кезеңде облыстық салалық ұйымның есебі беріліп, әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, кәсіподақтың құқықтық қызметінің пәрменділігі, кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру бағытында атқарылған жұмыстар сараланды.
Есепті баяндаманы жасаған Кәсіподақтың облыстық ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков аймақта әлеуметтік әріптестіктің нақты әрі сапалы жүйесі қалыптасқандығын, нәтижесінде сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелеріне қатысты - еңбек ақыны, демалыс, қаражат, емделу жәрдем ақыларын, іс-сапар шығындарын мезгілінде төлеу, сала өкілдерін дәрігерлік тексеруден тегін өткізу, отын үшін берілетін шығындардың көлемін сатылап арттыру сынды мәселелер оң шешімін тауып жатқандығын айтты.
Есепті мерзімде құқықтық қорғау жұмысы ең басты жұмыс бағыты ретінде көп жағдайда тиімді қорғау қызметін қамтамасыз ету мен кәсіподақ мүшелігіне ынталандыруға ықпал еткендігі айтылды. Есепті мерзімде құқықтық қызметтің заңгерлерімен 2 298 тексеру жүргізілген болса, олардың барысында 8 028 еңбек заңдылығын бұзушылық анықталған. Құқықтық сұрақтар бойынша 21 042 кеңес берілген, сотқа 61 материал дайындалып, соттың түрлі инстанцияларында 56 кәсіподақ мүшесіне тегін өкілеттік етіліп, 66 кәсіподақ мүшесіне қатысты қайта орналастыру мен заңсыз жұмыстан босатудың алды алынған.
Есепті баяндамадан соң Ревизиялық-тексеру комиссиясының төрағасы Жанболат Орынбеков есепті аралықта кәсіподақ қаржысының мақсатты жұмсалуы бойынша жұртшылыққа өз есебін ұсынды.
Баяндамаларды талқылау барысында жарыссөзге шыққан Жамбыл ауданының білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова, Шу ауданы Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Индира Диханбаева мен облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетовалар өз салаларына қатысты атқарылған жұмыстары туралы баяндай келе Кәсіподақтың облыстық комитетінің 2014-2018 жылдары атқарған жұмыстарына қанағаттанарлық деген бағаларын берді.
Сондай-ақ, жарыссөзден кейін сөз алған Кәсіподақ төрағасы Майра Амантаева келелі пікір айтып, есепті кезеңде сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы мен ахуалы жақсара түскенін, мемлекет бюджеттік сала қызметкерлері үшін белгіленген әлеуметік пакетті қайта қарап жатқанын, «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы әзірленіп, талқыланып жатқандығын, азаматтық қызметшілерге еңбек ақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілгенін, дегенмен, кәсіподақтардың рөлін күшейту мен ұстаздардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда пысықтауды қажет ететін бірнеше мәселелерге тоқталып өтіп, Әулиеаталық кәсіподақтың жұмысына қанағаттанарлық деген бағасын берді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – кәсіподақ төрағасын сайлау бойынша осыған дейін табысты қызмет атқарған Ерұлан Сәбенұлы Мағзымбековтың кандидатурасы ұсынылып, делегаттардың бірауызды қолдауына ие болды. Сондай-ақ, Конференция өз құзырына сәйкес Бақылау-тексеру комиссиясының құрамын сайлау, облыстық Комитет (Пленум) құрамын бекіту, Республикалық салалық Кеңес құрамына өкілеттілерді сайлау, Бірлестік төрағасының орынбасарын сайлау, облыстық ұйымның Атқару комитетінің құрамын сайлау мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы» ҚБ-нің Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы бірнеше мәселені қарап, бекітті.
Конференция соңы марапаттау рәсіміне ұласты. Білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге қосқан елеулі үлестері және облыстың қоғамдық өміріне белсене атсалысқан бірқатар сала өкілдері «ҚР білім беру ісінің үздігі», «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, ҚР Білім және ғылым Министрінің Құрмет грамотасымен, салалық кәсіподақтың республикалық ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Бейбіт БЕКНАЗАРОВ
-
Фотографии
-