Состоялось заседание Исполкома отраслевого профсоюза
Бүгін Астана қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Атқару комитетінің кезекті отырысы өткізілді. Күн тәртібінде кәсіподақ Салалық Кеңесі аппаратының 2018 жылға арналған жұмыс жоспары, кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғау тиімділігін арттыру мәселелері бойынша кәсіподақ Салалық Кеңесінің қаулылары мен ұсынымдарын жүзеге асыру жөніндегі Талдықорған аумақтық кәсіподақ комитетінің жұмысы, сонымен қатар, Маңғыстау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының жарғылық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру жөніндегі жұмысы туралы мәселелер қаралды.
Аталған мәселелерді талқыламас бұрын, салалық кәсіподақ төрайымы Майра Амантаева Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай салалық кәсіподақтың Қостанай облыстық ұйымының төрайымы Зияда Делдібекова мен Қарағанды облыстық ұйымының төрайымы Татьяна Самойлюк Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Ерен Еңбегі» медалімен марапатталғандықтарын атап өтіп, Атқару комитетінің атынан құттықтады.
Салалық Кеңесі аппаратының 2018 жылға арналған жұмыс жоспарын таныстырған салалық кәсіподақ ұйымы төрайымының орынбасары Айгүл Мұқашева ең алдымен 2017 жылда орындалған іс-шаралардың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, 2018 жылға жетілдірілуге тиіс жұмыстардың бағыттарын атап өтті. Төрайым орынбасарының айтуынша, алдағы жылда салалық кәсіподақтың бастауыш ұйымдарында сайлау науқандарын жүргізу керектігі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен 2018 – 2020 жылдарға арналған салалық келісім шартқа қол қою, салалық кәсіподақтың барлық мүшелік ұйымдарында ақпараттық жұмыстарды жетілдіру бойынша арнаулы маманды бекіту, жастар саясатын жетілдіруге арналған іс-шаралар туралы жоспарларды жүзеге асыру кезек күттірмейтін мәселелер. Бұдан бөлек құқық пен есеп жүргізу қызметін жандандыруға арналған іс-шаралар тізімі де қарастырылғандығына тоқталды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеге қатысты Талдықорған аумақтық кәсіподақ төрағасы Садық Әбдіқадыров баяндама жасады. Аталған баяндама барысында жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын орындауда қоғамдық бақылауды күшейту жөнінде шаралар қабылданғандығы, осының нәтижесінде 2016 – 2017 жылдар ішінде 46 тексеру жүргізілгендігі белгілі болды. Сондай-ақ кәсіподақ мүшелерінің тарапынан келіп түсетін арыз-шағымдардың саны да көбейгендігін көруге болады. Аталған аумақтық кәсіподақтың қызметіндегі кемшіл тұстар да тілге тиек болды. Мәселен, аумақтағы білім беру қызметкерлерінің міндетті мерзімдік медициналық тексерулері өз қаражаттары есебінен жүргізіліп келе жатқандығы және жұмыс берушілер есебінен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақыларға қатысты мәселелердің әлі де болса шешілмегендігі белгілі болды. Осыған байланысты алдағы уақытта мәселелердің оң шешімін табу мақсатында бақылау органдарының көмегіне жүгіну керектігі туралы нақты тапсырмалар берілді.
Маңғыстау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының жарғылық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру жөніндегі жұмыстар туралы есеп берген салалық кәсіподақтың облыстық төрайымы Тәрбия Байымбетова бұл бағыттағы жұмыстар әлеуметтік әріптестікті дамыту мен кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі жұмыстар аясында кеңінен орындалып келе жатқандығы туралы атап өтті. Кәсіподақ мүшелігінің артқандығы туралы жұмыс нәтижесін 2017 жылдың 1 қаңтарындағы 26397 кәсіподақ мүшелігінен анық байқауға болады. «Ауылдық жерлерде жұмыс жасайтын педагог қызметкерлерге айлықтарынан 25% қосымша ақы төленеді. Сонымен қатар, білім саласының қызметкерлеріне коммуналдық қызмет шығындарын өтеуге біржолғы ақшалай өтемақы төлеу қарастырылған. Білім беру ұйымдарының барлық қызметкерлері жұмыс берушінің есебінен медициналық тексеруден өтеді»-делінген баяндамада облыс көлемінде салалық кәсіподақ ұйымының араласуымен атқарылған көптеген жұмыстардың оң көрсеткіштері келтіріді.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Баспасөз қызметі
-
Фотографии
-