Салалық кәсіподақтың дәстүрлі республикалық жастар форумы сәтті аяқталды
Бүгін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлер кәсіподағының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні аясында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына орай «Мемлекеттік рәміздер – егемендігіміздің берік негізі» атты республикалық кәсіподақ жастары форумы өтті. Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрайымы Майра Амантаева, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасының кеңесшісі Ерлан Саиров, Атырау облыстық Мәслихат хатшысы Өмірзақ Зинуллин, республиканың жас кәсіподақ белсенділері, салалық кәсіподақ бөлімшелер құрылымдарының жетекшілері, Атырау өңірінің студент жастары мен ұстаздар қауымы қатысты.
V рет өткізілген форумының негізгі мақсаттары - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолы мен сарабдал саясатын, тәуелсіз Қазақстанның биік тұғырға көтерілуіне сіңірген еңбегін айшықтау, ел дамуы стратегиясындағы басым бағыттарда белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыруда қолдау көрсету, толеранттылық негіздеріне сүйене отырып азаматтық қоғамды нығайту. Сонымен қатар республиканың кәсіподақтар қозғалысын жетілдіруде жастардың белсендігін арттыру, өскелең ұрпақты Отанын, халқын сүюге, ержүректілікке, азаматтыққа, патриоттық сезімге тәрбиелеу болып табылады.
Сонымен қатар, форум аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұран авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденов пен ақын Фариза Оңғарсынованың ескерткіштеріне гүл-шоқтарын қою салтанаты болып өтті. Халымыздың қос тарландар ескерткіштерінің алдында форумға келген жастар ақын шығармаларын жатқа айтып, барша қауымды ерекше жігерлендірді.
Форум барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздерінің 25 жылдығына арналған "Мемлекеттік рәміздер – егемен еліміздің берік негізі" атты республикалық жас ұстаздар арасында ұйымдастырылған үздік өлең байқауының жеңімпаздары анықталып, арнайы дипломдар мен ақшалай жүлделерге ие болды. Бас жүлде Павлодар облысы, Ақсу қаласы, Ю. Гагарин атындағы орта мектебі қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Алмас Ақтасовқа бұйырса, І орынды Алматы облысы, Ескелді ауданы, Жалғызағаш орта мектебі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Орынтай Мұратхан жеңіп алды. ІІ орыды Ақтөбе облысы, Шалқар қаласы, №3 орта мектептің ұйымдастырушы-педагогы Нұрсұлтан Әбжанов пен Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданы, Құлан ауылы, Ю. Гагарин атындағы негізгі мектебі, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Айкенже Баймахан иемденсе, ІІІ орын иегерлері болып Солтүстік Қазақстан облысы, Жұмабаев ауданы, Булаево қаласы, № 3 Булаево орта мектебі орыс тілі пәнінің мұғалімі Татьяна Бондарь; Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Белқопа орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Нұрлыбек Байниязов пен Қостанай облысы, Қостанай қаласы, Мәскеу орта мектебінің мұғалімі Күмісгүл Айтмағамбетова марапатталды. Байқаудың арнайы жүлдесімен марапатталған Атырау облысы, Құлсары қаласы, № 13 орта мектебі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Ғалымбек Мұстафа; Алматы қаласы, Әуезов ауданы, №104 жалпы білім беретін мектебі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Самат Жұмабеков пен Павлодар облысы, Ақсу қаласы, Дарынды балаларға арнаған мамандандырылған гимназияның мұғалімі Алтынбек Мақсатхан да ақшалай жүлделерге ие болды.
Қазақстандық салалық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподағының Баспасөз қызметі.
-
Фотографии
-