Жаңа форматтағы Тамыз кеңесі
Тәуелсіз, тұғырлы, жасампаз Қазақ елінің тарихи белесі елдіктің ертеңіне даңғыл жол салған биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты саяси бастамалармен жаңа, жаһандық бәсекеге қабілетті, қауқарлы арнаға бет бұрды. Түрлі саладағы қарым-қатынастарды жандандыру, адам капиталының сапалық көрсеткіштерін шыңдай түсу, экономика мен халықтың әлеуетіндегі инклюзивті әрі орнықты дамытуды қамтамасыз ету сынды жаңа серпілістегі тың міндеттер еліміздің барлық құрылымдарына жүктелгені белгілі. Мемлекеттік маңызы жоғары саланың бірі – білім беру жүйесі. Аталған салаға жасалынған екпінді қолдау сапалы нәтижелерге қол жеткізуге жол ашады. Сондықтан биылғы жаңғырудың жаңа механизмдері де білім беру жүйесіне тікелей байланысты болды.
22 тамыз күні Қазақстан Республикасы педагогикалық қызметкерлерінің «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» республикалық тамыз кеңесі өткізілді. Биылғы дәстүрлі кеңеске ұстаздар қауымының өкілдерінен бөлек депутаттар, облыстар мен Астана, Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары, білім басқармаларының басшылары, жоғарғы оқу орындарының ректорлары, колледж директорлары, білім саласын бақылау бойынша өңірлік департаменттердің және пилоттық мектептердің меңгерушілері, ҚР БҒМ-нің құрылымдық бөлімшелерінің және ведомстволық бағынысты ұйымдарының, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның, «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ның, «Кәсіпкер» холдингі» коммерциялық емес АҚ-ның қызметкерлері, сондай-ақ Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының республикалық, облыстық, аймақтық, қалалық ұйымдардың басшылары қатысты. Мұнда білім беру ұйымдарында білім берудің мазмұнын жүйелі жаңарту және тәрбие жұмысын жетілдіру бойынша барлық білім деңгейлерінің алдына қойылған міндеттерді ойдағыдай орындау жолдарын талқылауда кездескен тақырыптар сөз болды.
Пленарлық отырыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев келе жатқан оқу жылында айтарлықтай өзгерістер болмайтынын, негізгі екпін білім беру жүйесіндегі сапа көрсеткіштерін жақсартуға қарай бағытталатындығы туралы атап өтті.
Биылғы тамыз кеңесінің өту форматы өзіндік жаңа үлгісімен ерекшеленді. Отандық білім беру жүйесінде айтулы жетістіктерге жеткен педагог қызметкерлер өздерінің оқу-әдістемелік тәжірибелерімен бөліссе, дарынды оқушылар арманға қол жеткізу жолындағы еңбек пен ізденімпаздықтың, талап пен қайраттың маңыздылығы жайында ой толғады. Кеңес барысында “EduTech” старт-ап жобасының республикалық сайысы педагогтардың назарларына ұсынылды. Елдегі түрлі деңгейдегі білім беруді жетілдірудің қосалқы құралы ретінде қарастырылатын старт-ап жобалары - заман талабына сай құрастырылғаны анық байқалады.
Тамыз кеңесі соңында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру саласының педагог қызметкерлерінің дәстүрлі марапаттау рәсімі өткізілді.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-