Жаз ұстаздар пікірлері
Алыптар мекенінен алған әсер
Нұрсұлтан Әбжанов,
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, №3 орта мектебінің ұйымдастырушы педагогы.
Тамырын терең жайып, тауы мен тасы талай тарихтан сыр шертетін киелі Павлодар өңірінде өткен «Кәсіби жаңару мен жаңғыру» атты жас ұстаздардың республикалық жазғы лагері өте жоғары деңгейде өтті. Әр облыстың бетке ұстар белсенді жас ұстаздар басын қосқан бұл жазғы лагердің жастар келешегіне берері мол деп ойлаймын. Топтарға бөлініп атқаратын жұмыстар жастарымызды бірігіп, бірлесе отырып өз пікірін еркін білдіруге дағдыландырса, өткізілген семинарлар еліміздегі түйіткілді мәселелер төңірегінде ой қозғады. Әр өңірден келген жас ұстаздар қауымы үшін бұл семинарлардың алатын орны ерекше. Көкейде жүрген кей түйіткілді ойлардың шешімін тауып, ерекше әсер алып қайттық.
Әрбір тауы мен тасы сайраған жер киесі осы өңір іспеттес. Сол өңірге саяхат барысында көптеген тарихи құбылыстардың куәсі болдық. Сонау Темір дәуірінен қалған мұртты обалар мен таңбалы тастар, қола дәуірінен және сақтардан қалған зираттар, көкке шаншыла өрлеген таулар, ондағы әр түрлі әсем бейнелер, тау бауырында бойлай аққан бұлақтар, жағасында талай жастардың ғашықтық хикаясы өткен суы - мөлдір Жасыбай көлі, бәрі – бәрі бір – бірімен ерекше үйлесім тауып адам жанына ерекше шабыт пен үміт сыйлағандай.
Кең байтақ қазақ жеріндегі осындай қасиетті өңірде жастарымыздың бас қосуы ерекше ойлап табылған тұжырым болғандығын мақтанышпен айта аламын. Алыптар мен арыстардың мекеніне аяқ басуымызға себепкер болған Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына, барша павлодарлық ұйымдастырушылар алқасына, ерекше қонақжайлылық танытқан Павлодар жастары мен барша ұстаздар қауымына өзімнің және жастардың атынан шексіз алғысымды білдіремін. Қашан да еліміз аман жұртымыз тыныш болып жастарымыз ел келешегін көркейту жолында еңбектене бергей. Бейбіт елімізде осындай берекелі істер көп болғай.
Павлодарға арнау
Шуақ берген тым ерекше таңға да .
Павлодар біздің неткен паң қала,
Әр күніңде әр әсерге бөленіп.
Отырасың тарихына таңғала.
Қайсарлықпен қайырлы істі қарымдар,
Шыққан мұннан талай дарындар .
Олар жайлы білгің келсе егер де,
Баянауыл жаққа қарай барыңдар.
Бірлік болса жаға менен жеңдегі,
Жамандықты жақсылықтың жеңгені.
Ұшан теңіз ұрпақ үшін бүгінгі,
Қаныш аға Сатпаевтың еңбегі.
Төзім барда ұмтылайын төрге мен,
Баянауыл көмкерілген көрмемен .
Қазақ бар ма, айтыңдаршы бүгінде
Аймановтың киноларын көрмеген .
Талантыңыз тұрған менен таяу ақ.
Шіркін өмір өтеді екен баяу ақ .
Жалғыз өзі жалғандықпен күресіп .
Жаяу Мұса шаң шығарды жаяу ақ.
Толы өлке мына өңір ғажапқа,
Төтеп берген талай – талай азапқа.
Өлеңдері өрмелейтін саты боп ,
Торайғыров күн болып тұр қазаққа,
Қалт жібермей қандай да бір сәттерін ,
Сыйлай біліп ұрпағына сәт керім.
Әлкей Марғұлан қазақ үшін қасқайып,
Сұрыптады талай тарих дәптерін.
Төбе көкке қалғандай ма екі елі,
Елге ақиқат бұлар ұлы екені.
Айтар болсам мен ойымды бір сөзбен
Павлодар ұлылардың мекені.
Тарихында бір таңба жоқ күйелі,
Сондықтан да бұл бір өңір киелі.
Дәл осындай сәтке бізді жеткізген,
Жаратқанға жастар басын иеді.
Лагерь туралы өз ойым
Бізді шын серпілткен лагерь болды
Хамзин Нұрбол,
Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Нұрсай ауылы,
Тереңкөл орта жалпы білім беретін мектептің математика пәні мұғалімі.
Алтын арқаның құтты мекені атанып жүрген бай қазыналы, көгілдір таулы көрікті өңірлердің бірі – Баянауылжері. Қазақ халқының болашағын болжаған, дала данасы Асан Қайғы бабамыз Баян тауын көргенде: "Ат ерін алмайтын жер екен. Бір түнеп кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады" деген екен. Осындай қасиетті де киелі, көрікті, әсем табиғат аясында, Баян тауы Жасыбай көлі жағасында маусымның 26-30 күндері аралығында «Кәсіби жаңару мен жаңғыру» жас ұстаздардың республикалық жазғы лагері ұйымдастырылған болатын. Таңғы жаттығумен басталған әр күніміз әрі қарай коучинг, тимбилдинг, лекция, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне экскурсияға ұласса, кешкілік спорттық ойындар, видеорепортаж, би кештерімен жалғасын тауып жатты. Баянауыл баурайында жүріп ерекше бір сезімге, бітпес күшке, жаңа бір серпіліске ие болғандай әсер алдым. Осындай жазғы лагерь ұйымдастырған Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағына рахметімді айта отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін.
Кәсіби жаңғыру жолында...
Салтанат Үмбеталиева,
Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия мұғалімі.
«Көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар» жалынды жастарға арнап жасалған шарадан алар өнегелі істің көп екені даусыз. Жалын атқан жас шағында өмірінің мәнін ұстаздық жолдан тапқан жас ұстаздар 4 күнге созылған жазғы лагерден ерекше әсер алып қайтты десем қателеспеген болар едім. Оған дәлел - жазғы лагерь аяқталар кездегі жастардың бойындағы күш-жігері мен жалын атқан көздері.
Таңның атысынан күннің батысына дейін әрбір қатысушыға ерекше көңіл күй сыйлап, өзінің заңды құқығын білу мен оны орынды қолдана білуге үйреткен Гүлшат Оралқызының өмірлік ұстанымына еліктеген жастар қаншама?!
Жастар еңбек жолында кездесетін қиындықтармен шара барысында бетпе-бет келіп, сол тығырықтан шығудың жолын айқындай білді. Бұл ретте аз ғана уақыт ішінде жастардың шексіз алғысына бөленіп, өз-өзіне деген сенімділіктің маңызды екенін дәріспен ғана емес, практикалық тұрғыдан ерекше жеткізе білген ҚР жастар саясаты саласындағы ұлттық тренерлер пулының мүшесі Еркебұлан Күнтуғанның өткізген бағдарламасы ұтымды болды.
Жас ұстаздар лагерінде еліміздің болашақ білікті мамандары семинарлардан өтумен шектелмей, жан жадыратар демалыстан рахаттанып, қойнауы тарихқа толы Баянауыл өлкесіне саяхат жасап, табиғат жасаған әсемдік пен көне жәдігерлерден көз ала алмады. Талай дарындар мен даналардың кіндік қаны тамған киелі мекенде өткен кәсіби жаңғыру жолындағы іс-шара әрбір жас ұстазға өмірлік азық боларлық естелік сыйлады. Шара соңында әр қатысушы «Елім мен үшін не істейді?» деген емес, «Мен Елім үшін не істей аламын?!» деген ойда болғаны сөзсіз. Атырау мен Алтайға дейін созылып жатқан ұланғайыр мекеннің әр өңірінен келген жас ұстаздар алдағы уақытта бір-бірімен тәжірибе алмасып, бір жұдырықтай болып жұмыс атқаруға шешім қабылдады. Ендеше аталмыш шара өз мақсатына жетті десем, қателеспеймін. Жас мамандардың әлеуетін көтеру үшін жасалған шара жыл сайын жалғасын тапса деген тілек бәрінің ойында қалды. Осы орайда жас ұстаздарға ерекше сенім артып, республикалық жазғы лагерді ұйымдастырған «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Майра Тұрғанқызы мен ұжымға және менің де ерекше шарадан ұмытылмастай әсер алып, кәсіби жаңғыруыма мүмкіндік туғызған Атырау облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қилымғали Қайненұлына айтар алғысым шексіз. Жас мамандардан қолдан келер көмегін аямайтын осындай күштің бар екенін сезінген әр жас ұстаз елінің болашағын жасауда жасампаздық танытарына мен сенемін! Кәсіподақ жұмысына сәттілік тілей отырып, «Жасай бер, жаса, Кәсіподақ мәңгілік»,-деген тілегімді білдіремін.
-
Фотографии
-