Жас ұстаздар әлеуетін кәсіби жаңғыру жолындағы тың қадам
Адами капиталдың бәсекеге қабілетті болуы оның білімі мен біліктілігіне, еңбек өнімділігінің сапасы мен деңгейіне тікелей байланысты. Алысқа көз тіккен, болашағына байыппен қараған дүниежүзінің дамыған елдері бұл ресурстың көрсеткішін экономикалық өсімнен де жоғары бағалайды. Бұл – әлемдік өркениеттіліктің жаңа прогрессі. Жаһандық бәсекелестіктің алаңы қашан да тек мықтылар мен озаттарға арналған. Ал еліміздің мұндай алаңда қамшы салдырмай абыроймен шығуына ұлт сапасының жаңа бәсекеге қабілетті деңгейге көтерілгендігі сөзсіз керек.
Ұлт сапасын, адами капиталдың жоғарғы деңгейде қалыптасуына ұстаздар әлеуетінің қосатын үлесі ұшан теңіз. Ақпарат пен технологияның қарыштап дамып жатқан жаңа заманда, ұстаздардың біліктіліктерін шыңдай түсу үшін де жаңа механизмдер құрылып жатыр. Бала оқыту, ұлт болашағын тәрбиелеу – жауапкершілігі мен салмағы басым істердің қатарында екенінде де талас жоқ. Бұл туралы Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің биылғы Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсетті. Білім саласын дамытудың негізгі бағыты да адам капиталын жақсарту жолында жоғарғы нәтижеге қол жеткізбек. Салалық кәсіподақтың билік тарапымен жүргізген әлеуметтік әріптестіктің жұмыс нәтижесі аясында білім беру саласындағы республикалық бюджеттен бөлінетін қаражаттың өсуі, ұстаздардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің жақсаруы, білім беру сапасына қойылатын талаптың шыңдай түсуі – отандық білім беру жүйесінің түрлі сыннан өтіп, мін түзеліп жатқандығының айғағы.
Білім беру жүйесінің дамуына, бәсекеге қабілетті болуына жас буынның, жас ұстаздардың қосар үлесі анағұрлым жоғары. Жаңа заман талабы алдымызға жаңа талаптар қойып отыр. Ал мұндай талаптарды жүзеге асыру үшін жастардың әлемдік бәсекеге деген қабілеттіліктерін бекемдеуіміз керек. Осы мақсатта 26 – 30 маусым күндері аралығында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы мен Павлодар облыстық салалық кәсіподақтың бірлесе ұйымдастыруымен «Кәсіби жаңару мен жаңғыру» атты республикалық жас ұстаздардың жазғы лагері өткізілді. Былтыр бастау алған аталмыш жазғы лагерь жұмысына биыл еліміздің әр өңірінен 80-ге жуық жас ұстаздар - кәсіподақ белсенділері тартылды.
Жазғы лагерьдің негізгі мақсаты - кәсіподақ қозғалысының жандануына жастардың үлесін мейілінше арттыру арқылы жастар саясатын тиімді жүргізу, жас педагогтардың заман талабына лайық білімдерін жетілдіруге бағыт-бағдар көрсету, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсеткен жастардың бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру арқылы өз-өздерін кәсіби тұрғыда жетілдіру, көшбасшылық қасиеттерін көрсету барысында кәсіби тұрғыдан шыңдалуларына мүмкіндік жасау болып табылады.
Аталмыш іс-шараның ашылу салтанатынан бұрын Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының Студенттер үйімен танысу мүмкіндігі туды. Болашақ педагогтарды дайындайтын бұл оқу орынның студенттерге жасалынған заманауи жағдайлары олардың толыққанды білім алуларына мүмкіндік берері сөзсіз. Оқу орында облыстық салалық кәсіподақ ұйымының қаржыландырылуымен құрылған «Жастар алаңы» коворкинг орталығымен танысқан жас ұстаздар бұл оқу орын басшылығының жастардың жан-жақты дамуына қаншалықты басымдық беріп отырғандығына көздері жетті.
Жас ұстаздардың кәсіби білімдері мен шығармашылықтарын шыңдауға арналған жазғы лагерьдің жұмысы ашылу салтанатымен де ерекшеленді. Республиканың әр өңірлерінен келген жастармен қоса ашылу рәсіміне Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Орсариев, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Амантаева, Павлодар облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бек Оразғұлов, салалық кәсіподақтың Павлодар облыстық ұйымының төрайымы Гүлбарам Науразбаева қатысып, лагерь жұмысына сәттілік тіледі. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым минимтрлігінің жауапты хатшысы Арын Орсариев жас ұстаздардың заман бәсекесіне лайық білімді болудың маңыздылығына айрықша тоқталды. Сонымен қатар, ұстаздардың еңбек ақыларына қатысты біраз мәселеге де тоқтала кетті. «2050 жылы, тіпті одан да ертерек, 2030 жылда ұстаздардың орташа еңбек ақысы 450000 теңге көлемінде болуы әбден мүмкін. Бұған қол жеткізу үшін елде білімді адамдардың үлес салмағы артуы керек. Саннан сапа туындайды. Білімділер әлеуетінің сапасы да жоғары болса, кез келген бәсекеге төтеп беру де оңай болмақ»-деді өз сөзінде А. Орсариев.
Жазғы лагерь аясында қатысушылар № 25 Павлодар қалалық жалпы орта білім беру мектебіндегі бастауыш кәсіподақ ұйымы, Павлодар қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұймының, қалалық жастар кеңесінің жұмысымен, сонымен қатар кәсіподақ ұйымының оқу-әдістемелік кабинетінің жұмыстарымен танысты. Қалалық деңгейде кәсіподақ мүшелеріне құқықтық және кәсіподақ қызметіне қатысты білім беретін мұндай оқу-әдістемелік кабинеттің берері көп.
Жас ұстаздарға арналған жазғы лагерьдің негізгі жұмысы Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауданы Жасыбайда жалғасын тапты. Жас ұстаздарды үш топқа бөлу арқылы семинарлар жүргізіліп, тапсырмалар берілді. Семинардың алғашқы күнгі тақырыптары Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы төрайымының орынбасары Айгүл Мұқашеваның «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы – республикадағы азаматтық қоғам институты ретінде», салалық кәсіподақтың Халықаралық байланыстар жөніндегі бас маманы Әлия Әбиеваның «Келіссөз – дау-жанжалдарды басқарудың технологиясы», салалық кәсіподақ Павлодар облыстық ұйымының бас маманы Гүлшат Жәркенованың «Мен білуге тиістімін» және «Менің құқығым!» атты коучингі, ҚР жастар саясаты саласындағы ұлттық тренерлер пулының мүшесі Еркебұлан Күнтуғанның «Елім деген ер болса» атты тимбилдингі төңірегінде қызу талқыға түсті.
Салалық кәсіподақ төрайым орынбасары А. Мұқашева кәсіподақ құрылымы мен әлеуметтік әріптестіктің, салалық және ұжымдық келісім-шарттың маңыздылығына, салалық кәсіподақ жұмысының бағыттарына, әсіресе, жастар саясатын мейілінше дамыту жолдарына кеңінен тоқталды. Дәріс барысында жаңа формациядағы мұғалімдердің кәсіби стандартты туралы да сөз болды. «Кәсіби саладағы біліктіліктің деңгейін анықтайтын аталмыш стандарт ұстаздардың бәсекеге қабілеттіліктерін арттырары сөзсіз. Білім беру жүйесіндегі жаңа модернизация – білім берудің мазмұны мен сапасын арттыру арқылы ұлттық моделін жетілдіру, ақпараттық технологиялар жөнінде жаңаша педагогикалық көзқарас секілді кешенді шараларға тікелей байланысты. Жаңа замандағы кез келген мемлекеттің қуаттылығы – оның білім жүйесі мен азаматтардың білім деңгейі арқылы өлшенеді. Адами капиталдың шынайы көрінісі де білім саласының сапасымен өлшенбек. Сондықтан жаңа бәсекелік дәуірге қоғамның кез келген мүшесі лайықты білімімен, тегеурінді кәсіби біліктілік ұстанымымен, инновациялық әлеуетімен қадам басуы тиіс» - деп ерекше атап өтті.
Павлодар облыстық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының бас маманы Гүлшат Жәркенова өзінің «Мен білуге тиістімін» және «Менің құқығым!» атты коучингтері барысында салалық кәсіподақ қозғалысын дамытуда құқықтық қызметтің маңыздылығын ерекше атап өтті. Кәсіподақ мүшелері үшін заңнамалық білімнің болуы айтарлықтай маңызды. Зайырлы, демократиялы қоғамда өмір сүріп жатқанымызбен кей жағдайларда заңнамалық құжаттардың мән-жайын толыққанды түсініп жатпаймыз. Ал мұның соңы білім берумекемелеріндегі заңсыз ескерту алу немесе жұмыстан шығарылу сынды жағдайларға ұшырасатыны шындық. Сондықтан салалық кәсіподақ қызметіндегі құқық пен заңгерлік бағыттағы жұмыстардың, ұжымдық келісім шарт негізінде жүзеге асатын еңбек талаптарының бақылануы туралы білудің еш артықтығы болмас.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлер кәсіподағының Халықаралық байланыстар жөніндегі бас маманы, конфликтология ғылымының магистрі Әлия Әбиева кәсіподақ қозғалысын жандандыру бағытында дау-жанжалдардың алдын алу үшін келіссөздер жүргізудің тәсілдері мен әдістік құрылымдары туралы кеңінен баяндап өтті. Дау-жанжалдың себептері, мәні, тудырушы фактор, динамикасы мен формалары туралы нақты теориялық сызба көрсетілді. Адамдар арасындағы қарым-қатынас қайшылықтары мен келіспеушіліктер, қоғамдық өмірдің әр саласындағы пайда болатын дау-жанжалдың ерекшеліктері, әлеуметтік конфликтің объектісі мен пайда болуы туралы егжей-тегжейлі ақпарытты Ә. Әбиева өзінің аудиториясына жеткізе білді.
Павлодар облысы жастар саясаты жөніндегі басқарманың мамандары Елнар Өтебаевтың «Адам капиталының жаңғыруы», Зарина Орақбаеваның «Жобалық менеджмент жөнінде тренинг», Еркебұлан Күнтуғанның «Өзін жетілдіруге арналған коммуникативтік сапаларды дамыту», Жастардың бастамаларын дамыту орталығы директоры Саят Жүсіпбаевтың «Павлодар облысының жастар саясатын жүзеге асыру», Павлодар облысы Дін істері жөніндегі басқарма басшымы Дәулет Зәкәрияновтың «Жалған діни табынушылық туралы не білуіміз керек?» атты семинарлар дәрістері жас ұстаздардың білім көкжиектерін жаңа деңгейге көтергені анық. Адам капиталының жаңғыруы еңбек ресурсы мен өнімділігінің сапалық көрсеткішінен айқын көрінеді. Ал бұл бағыттағы инвестицияның ұлғайғандығы сөзсіз жеке тұлғалық бәсекелестікті арттырады. Адам капиталының көрсеткішін дамытуда қосалқы құралдардың да заман талабына сай болуы айтарлықтай маңызды. Әсіресе білім беру саласына қатысты материалдық базаның нығаюы. Жыл өткен сайын оқу орындарындағы зертханалар мен шеберханалардың жаңа технологиялармен жабдықталып жатқандығы да көп нәрсені аңғартатыны сөзсіз. Адам капиталын дамыту бойынша Дүниежүзілік банктің «Әлемдік даму индикаторына» сәйкес, білімді дамыту үшін АҚШ ішкі өнімнің 7%, Ұлыбритания – 6,1%, Финляндия – 7%, Венгрия – 6%, Франция – 6%, Канада – 5%, Қазақстан – 4% жұмсайды екен. Мұндай сандық статистикадан еліміздің адам капиталының жаңғыруына маңызды қадамдар жасалып жатқандығын көрсетеді.
Семинарлық дәрістің жалғасы басқарудың менеджменті төңірегінде әрмен қарай өрбіді. Жобалық менеджмент – бәсекелестіктің басым бағыттары ретінде қарастырылып келеді. Ал бұл дегеніміз, түрлі салалардағы жобаларды басқарумен ерекшеленеді деген сөз. Кез келген басқару үрдісі менеджмент негізінде жүзеге асады. Сала ресурстары мен өндірістік тауар айналымдары, білім беру жүейсінің менеджменті, тіпті қарапайым сынып жетекшілігіне қатысты ұтымды басқару тәртібін ұсынған З. Орақбаеваның дәрісі семинар қатысушыларының көңілінен шықты.
Әлемді шарпыған діни экстремизм және терроризмнің тудырып жатқан қауіп-қатерлері бүгінгі мемлекеттік қорғаныс мәселелерінің ең өзектісі қатарынан. Діни құндылықтардың негізгі ұстанымдарын сақтай отырып, толеранттылық бағытта бейбітшілік пен тұрақтылық іргетасын нығайтудың маңыздылығы жайында кеңінен баяндап өткен Павлодар облысы Дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Дәулет Зәкәриянов дәстүрлі емес діни ұйымдардың қоғамға тигізер зияны туралы да атап өтті.
Жазғы лагерь жұмысының аясында жас ұстаздарға арналған спорттық-мәдени, танымдық іс-шаралар да ұйымдастырылды. Лагерьге келген қауым қойнауы тарих пен шежіреге толы Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі табиғаттың тылсым күшіне бой алдырған түрлі тастар мүсінінің құпияға толы бейнесімен сырласқандай болды.
«Ұстаз... жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсесін ұмытпайтын... алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі...мейілінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ...,жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек жан»,-деп шығыс ғұламасы Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай жаны жайсаң, көңілі кірсіз, ойы тұнық, айтар сөзі болса іркіп қалмай, бар күш-қайратын бала оқытумен, ізінен ерген өрендерге ізет көрсете білген ұстаздар қауымның мемлекет алдындағы жауапкершіліктері мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдік дамудағы тыңғылықты тапсырмаларды абыроймен атқаратындарына, жазғы лагерь жұмысынан алған білімдерін өздерінің оқу үрдісі кезінде сәтті қолдана отырып кәсіподақ қозғалысының жандануына өзіндік үлес қосатындарына зор сенім артылады.
-
Фотографии
-