Жас ұстаздарға арналған жазғы лагерь
26 маусым күні Павлодар қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы мен Павлодар облыстық салалық кәсіподақ ұйымның бірлесе ұйымдастыруымен «Кәсіби жаңару мен жаңғыру» атты жас ұстаздардың республикалық жазғы лагері өз жұмысын бастады. Былтыр бастау алған аталмыш жазғы лагерь жұмысына биыл еліміздің әр өңірінен 80-ге жуық жас ұстаздар мен кәсіподақ белсенділері тартылды.
Жазғы лагердің негізгі мақсаты - кәсіподақ қозғалысының жандануына жастардың үлесін мейілінше арттыру арқылы жастар саясатын тиімді жүргізу, жас педагогтардың заман талабына лайық білімдерін жетілдіруге бағыт-бағдар көрсету, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсеткен жастардың бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру арқылы өз-өздерін кәсіби тұрғыда жетілдіру, көшбасшылық қасиеттерін көрсету барысында кәсіби тұрғыдан шыңдалуларына мүмкіндік жасау болып табылады.
Аталмыш лагерьдің ашылу салтанатынан бұрын Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының Студенттер үйіне экскурсия жасалынды. Болашақ педагогтарды дайындайтын бұл оқу орынның студенттерге жасалынған заманауи жағдайлары олардың толыққанды білім алуларына мүмкіндік берері сөзсіз. Оқу орында облыстық салалық кәсіпода ұйымының қаржыландырылуымен құрылған «Жастар алаңы» коворкинг орталығымен танысқан жас ұстаздар бұл оқу орын басшылығының жастардың жан-жақты дамуына қаншалықты басымдық беріп отырғандығын аңғарғандай.
Жас ұстаздардың кәсіби білімдері мен шығармашылықтарын шыңдауға арналған жазғы лагерьдің жұмысы ашылу салтанатымен де ерекшеленді. Республиканың әр өңірлерінен келген жастармен қоса ашылу рәсіміне Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Орсариев, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Амантаева, Павлодар облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бек Оразғұлов, салалық кәсіподақтың Павлодар облыстық ұйымының төрайымы Гүлбарам Науразбаева қатысып, лагерь жұмысына сәттілік тіледі.
Жазғы лагерь аясында қатысушылар № 25 Павлодар қалалық жалпы орта білім беру мектебіндегі бастауыш кәсіподақ ұйымы, Павлодар қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұймының, қалалық жастар кеңесінің жұмысымен, сонымен қатар кәсіподақ ұйымының оқу-әдістемелік кабинетінің жұмыстарымен танысты. Қалалық деңгейде кәсіподақ мүшелеріне құқықтық және кәсіподақ қызметіне қатысты білім беретін мұндай оқу-әдістемелік кабинеттің берері көп.
5 күнге созылатын жазғы лагерь жұмысы Павлодар облысының Баянауыл өңірінде өз жалғасын таппақ.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі.
-
Фотографии
-