Республиканский семинар в г.Таразе для юристов отраслевого профсоюза
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Тараз қаласында «Білім және ғылым саласын реформалау жағдайында қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі кәсіподақтың құқықтық қызметінің міндеттері туралы» республикалық семинар өтуде. Екі күндік семинарға еліміздің барлық аймағынан кәсіподақтың құқықтық қызметінің өкілдері: заңгерлер, құқықтық инспекторлар мен бірқатар аймақтар кәсіподақ төрағалары мен аппарат қызметкерлері, барлығы 40 адам қатысуда.
Семинардың негізгі мақсаты – бірқатар аймақтар мен Жамбыл облысының құқықтық қызметінің озық жұмыс тәжірибесін насихаттау, сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау жұмысында өзара тәжірибе бөлісу, сала қызметкерлерінің құқықтарын соттарда қорғау бойынша тәжірибе алмасу.
Кіріспе сөзінде республикалық Кәсіподақ төрағасының орынбасары Виктор Беженаров Кәсіподақтың құқықтық қызметінің 2016 жылғы қорытындылары мен көрсеткіштері, сонымен қатар еңбек адамының құқықтарын қорғау жөніндегі заңгерлердің алдында тұрған ауқымды міндеттер туралы айтып өтті.
- Кәсіподақ мүшелігіне ынталандырудың дәстүрлі формалары еңбек адамын кәсіподақ қатарына өтуге нандыра алмайды. Еңбекшілер өзін жұмыс берушінің озбырлығынан сақтай алатын, қуатты әрі күшті ұйым тұрғанын сезінгенде ғана кәсіподақ қатарына саналы түрде өте бастайды. Кәсіподақтарды осындай қуатты ұйымға тек тиімді құқықтық қызмет арқылы ғана айналдыруға болады, - деді өз сөзінде Виктор Беженаров.
Кіріспе сөзден кейін семинарға арнайы шақырылған мамандар баяндама жасады. Олардың қатарында Жамбыл облыстық сотының судьясы Динара Нұрлыбаева - «Еңбек міндеттерін орындау барысында азаматтың өмірі мен денсаулығына келген залалды өтеумен байланысты сот тәжірибесі», Жамбыл облысы әкімдігінің Еңбек инспекциясы басқармасының бас инспекторы Мұхаметқали Туғанбаев - «ҚР жаңа Еңбек кодексі нормаларының Жамбыл облысының ұйымдарында қолданылу мәселелері» тақырыбы бойынша баяндама жасады.
Сондай-ақ, семинардың алғашқы күні «Кәсіподақ ұйымының қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі жұмыс тәжірибесі» тақырыбымен Кәсіподақтың Павлодар облыстық ұйымының бас маманы Гүлшат Жаркенова, «Ақтөбе облысы білім беру ұйымдарындағы еңбек заңдылығының орындалуына қоғамдық бақылауды ұйымдастыру тәжірибесі» тақырыбымен Кәсіподақтың Ақтөбе облыстық ұйымының бас маманы Александр Алимпиев және «Еңбек дауларын соттарда шешу тәжірибесі» туралы Кәсіподақтың Қостанай облыстық ұйымының құқықтық инспекция басшысы Айдарбек Бектабановтар жұмыс тәжірибесімен бөлісті.
Семинардың екінші күні Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы Құқықтық инспекциясының жұмыс тәжірибесі әңгіме арқауына айналды.
- Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымы - сала қызметкерлері арасында жоғары беделі бар, жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен заңды кәсіби мүдделерінің тиімді қорғалуын қамтамасыз етуші қуатты ұйым. Еңбекшілер атынан өкілдік ете отырып біз олардың еңбекпен, әділетті де лайықты жалақы төлеумен, жұмыссыздықтан және жұмыс беруші озбырлығынан қорғаумен, оңтайлы еңбек жағдайын жасаумен, әлеуметтік қамсыздандырумен, сапалы білім алу және денсаулық сақтаумен байланысты әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғауға көп көңіл бөлеміз. Осы аталғандардың іске асуына біз құқықтық қызметтің мықтылығы мен пәрменділігінің арқасында қол жеткізіп келеміз,- деді Гүлсін Орынбаева.
Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаеваның облыстық кәсіподақ ұйымының жарғылық мақсаттар мен міндеттерді тиімді жүзеге асыруға бағытталған қызметі туралы ақпаратынан соң қонақтар назарына Жамбыл облыстық кәсіподақ ұйымының қызметі туралы фильмнің көрсетілімі ұсынылды.
Жұмыс күнінің алғашқы бөлігінде негізгі баяндаманы Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының құқықтық қызмет басшысы Берік Баймағамбетов жасады. Ол құқықтық инспекцияның негізгі жұмыс бағыттары мен оларды ұйымдастыру шараларына жеке-жеке тоқталып өтті.
Құқықтық инспекцияның алдына қойылған басты міндет - еңбек заңдылығының бұзылу жағдайларын дер кезінде анықтап, олардың алдын алып, қызметкерлердің құқықтарының бұзылуына алып келетін себеп-салдарды жою, кәсіподақ мүшелеріне еңбек даулары бойынша соттарда, сондай ақ өзге де құзырлы органдарда тегін өкілеттік қызмет көрсету екендігін айтқан Берік Баймағамбетов қол жеткен көрсеткіштерге нақты тоқталды.
- Кәсіподақтың құқықтық еңбек инспекциясы құрылған мезгілден бері барлық кәсіподақтық заңгерлер тарапынан облыс бойынша 2330 тексеру жүргізіліп, еңбек заңдылығының 10 055 бұзылу жағдайы анықталған. Барлық заң бұзушылықтар бойынша оларды түзету мен жою жөніндегі жұмыс берушілерге тиісті ұсыныстар берілген. Инcпекция тарапынан тек жоспарлы тексерулер ғана емес, азаматтардың арыз-өтініштері мен шағымдары бойынша жоспардын тыс тексерулер де жүргізіледі. Көрсетілген мерзімде тек құқықтық инспекция мамандарына 2748 сала өкілінен арыз-өтініш түсіп, жеке қабылдауда 11 200-ден аса азамат болған. Құқықтық қызмет 17 895 заң қызметін көрсетіп, 2580 жазбаша түсіндірме, 15 199 ауызша құқықтық кеңестер берілген. Кәсіподақ мүшелерінің жеке еңбек дауларын қарау процестері бойынша сот органдарында өкілеттік ету тәжірибесі арта түсті.
Еңбек инспекциясы қызмет еткен уақытта сот органдарына 57 материал әзірленіп жолданып, 59 кәсіподақ мүшесіне әртүрлі деңгейдегі сот инстанцияларында тегін өкілеттік етілді, 67 сала қызметкеріне қатысты заңсыз жұмыстан босатуға жол берілмей, жұмысқа қайта орналыстыруға қол жеткізілді. Кәсіподақ заңгерлері өкілеттік еткен азаматтық істердің басым көпшілігі қарапайым қызметкердің, яғни кәсіподақ мүшесінің пайдасына шешілген. Мысалы, тек 2016 жылдың өзінде кәсіподақ мүшелерінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша 9 талап арыз әзірленіп, оның 3-і кәсіптік одақтың өз атынан берілген. Өйткені, ол заң бұзушылықтар бір мезетте біздің саланың әр санаттағы көптеген қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделеріне қатысты болды.
Сонымен қатар, инспекцияның заңгерлерімен аталған мерзім аралығында 498 семинар ұйымдастырылып, түрлі мінбелерден 572 лекция мен баяндамалар жасалған, БАҚ беттерінде 96 материал жарық көрген. 2016 жылдың қорытындысы бойынша құқықтық еңбек инспекциясының экономикалық эффектісі 43 миллион теңгені құрады, - деді Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының құқықтық қызмет басшысы Берік Баймағамбетов.
Сонымен қатар, семинар барысында «Аймақтық құқықтық еңбек инспекторларының қызметін ұйымдастыру. Құжаттаманы жүргізу», «Кәсіподақ мүшелерінің күнделікті өзекті мәселелерін шешу кезінде ҚР заңнамасын тәжірибелік қолдану. Келісу комиссиялары», «Тексеру барысында еңбек ақы төлеу мәселелері бойынша анықталатын заң бұзушылықтар. Оларды шешу әдістері», «Білім саласы қызметкерлерінің түрлі санаттары үшін еңбек ақы төлеудің қолданыстағы жүйесін пайдалану тәжірибесі», «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы ҚР заңнамасын қадағалауға кәсіподақтық бақылау аясындағы құқықтық инспектор жұмысының нысандары мен әдістері», «Жеке еңбек дауларын соттарда қарау мен шешу тәжірибесінің ерекшеліктері» және «Сала қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі құқықтық инспектордың жұмысы барысындағы әлеуметтік әріптестіктің рөлі мен маңызы» тақырыптары бойынша баяндамалар жасалып, пікірталастар болды. Семинар қатысушылары «Жалақы және оның жасақталу тәртібі» практикумында түрлі санаттағы сала өкілдерінің еңбек ақыларын есептеп, бәсекелесті.
Семинар барысында ұйымдастырушылар «Заңгерлік калейдоскоп» атты білгірлердің зияткерлік ойынын өткізді. Әйгілі «Что? Где? Когда?» ойынының сценариі бойынша өткен ойында алдын-ала дайындалған бейне сұрақтарға семинар қатысушылары топ-топ болып бөлініп, жауап беріп отырды. Семинар пікір-талас алаңында өзара ой бөлісіп, пікір алмасумен жалғасып, сұрақ-жауап сабағымен аяқталды.
-
Фотографии
-