Жастар - жаңғыру мен жаңарудың негізгі қозғаушы күші
Кәсіподақ қозғалысын нығайту мақсатында кәсіподақтарды қауқарлы ұйым ретінде жетілдіру үшін және еңбек адамдарының мүдделері мен құқықтарын қорғап, кәсіподақ қызметінің барлық бағыттарына жас кәсіподақ белсенділерін тартудың жүйелі жұмыстары салалық кәсіподақтың күн тәртібінде тұрған негізгі мәселелердің бірі. Жастар - ел болашағы, мемлекет экономикасын көтеруге, интелектуалды және кәсіби әлеуетімізді дамытуда және сақтауда, жоғары дамыған елдер арасында еліміздің лайықты орнын қамтамасыз етуде негіз болатын қоғам ресурсі екені шындық. Сонымен қатар жастар әлеуеті – адами капиталдың сапалық көрсеткішін білдіретін, мемлекеттің жандану деңгейінің прогрестік ішкі теңгерімдерімділігін анықтайтын негізгі басты фактор. Адами капиталдың сапасы ХХІ ғасырда бәсекелестіктің негізгі тұғыры ретінде қарастырылады. Өйткені ХХІ ғасыр – нағыз ақыл-ой мен интеллектің, жасампаздық пен бәсекелестіктің, даму мен өрлеудің ғасыры.
Елде жүргізіліп жатқан кез келген ірі саяси бастамалар мемлекетті дамытудағы айрықша рөлді танытатыны рас. 12 сәуір күні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы «Жаңғырту 3.0» атты Жолдаудағы адами капиталдың сапасын арттыруға бағытталған нақты санаға зор сілкініс жасайтын ықпалды серпіліс болып табылды деп бағалаймыз. Дүниежүзіне әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуымен көзге түсе білген жас мемлекет үшін, ондағы бейбітшілік пен келісім тепе-теңдігінде өмір сүріп жатқан халық елдегі болып жатқан кез-келген саяси жаңалықтарға бей-жай қараған емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп келе жатқан сарабдал саясаты мен жарқын келешегімізді жасауға деген зор ұмтылыстарымыз арқылы ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап келеміз.
Ал мемлекеттік маңызы жоғары кез келген істе тиянақтық таныту үшін жаппай жастарымызды сапалы білім мен саналы тәрбие беру негізінде ойлаған биік мақсаттарымызға ұмтыламыз. Мұндай жауапкершіліктің бір ұшы сөзсіз салалық кәсіподақ ұйымына да артылатыны заңдылық. Өйткені, салалық кәсіподақ қозғалысының барлық деңгейдегі жұмыстары сыналар сәтте сын бермеуге дағдыланған. Біз үшін, жастардың, әсіресе кәсіподақ жастарының елдік саясаттың жүзеге асуына мейілінше белсенділік танытып, өзгелерге үлгі болып, қоғамның қызметін жандандыру барысында сіңіретін еңбектерінің мәні ерекше. Сол себепті, кәсіподақ жастарының бәсекеге қабілтті болулары үшін салалық кәсіпоқ ұйымы түрлі форматта жастармен қарым-қатынас орнатып, олардың өз білімдері мен біліктіліктерін көрсету бағытында жемісті жұмыстар атқарып келеді.
12 сәуір күні, Елбасының бағдарламалық мақаласы бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде белсенді жарық көріп жатқанда Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы мен Қостанай облысы білім және ғылым қызметкеркер кәсіподағының бірлесе ұйымдастыруымен болған «Жастар және кәсіподақ болашақтың стратегиясы» атты республикалық жас кәсіподақ белсенділерінің семинары өз жұмысын бастап кетті. Салалық кәсіподақ қозғалысын дамытуда жастардың ықпалын айқындайтын, елдегі жүргізіліп жатқан кемел саясаттың мәні мен маңызын өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, болашақта елдік мүдде жолында кез келген салада адал қызмет атқару арқылы биік шыңдарды бағындыруға бағытталған мұндай іс-шараның атқарар рөлі зор екенін аңғару қиын емес.
Семинардың ашылу салтанаты А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде бастау алды. Еліміздің барлық түкпір-түкпірінен келген жас кәсіподақ белсенділері бас қосқан аталмыш республикалық семинар жұмысы үш күнге жалғасты. Семинар қатысушыларына арналған пікір мен тәжірибе алмасу сынды ресми бөлімінен тыс, концерттік бағдарламалармен қамтылған мәдени іс-шаралар легі де толыққанды қарастырылған.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің бірінші ректоры Жеңіс Жарылғасов салалық кәсіподақ пен жоғарғы оқу ордасының арасындағы өзара әріптестік қарым-қатынастар мен ортақ мүдде жолындағы ықпалдастық аясының мәні мен мазмұнына терең тоқталды. Сонымен қатар кәсіподақ жас белсенділерінің мұндай семинарларға құры қатысып қана қоймай, болашақ жоспарлары мен жұмыс бағытын семинардан үйренген білімдерімен толықтырып, өз өңірлеріне оралған кезде міндетті түрде өз жұмыстарына жаңа леп пен тың серпіліс алып келетіндеріне сенім білдірді.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы төрайымының орынбасары Айгүл Мұқашева салалық кәсіподақ қозғалысында атқарылып жатқан жемісті жұмыстарды алға тарта отырып, жастар саясатын ұтымды жүргізу салалық кәсіподақ қызметіндегі басым бағыттардың бірі екендігін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үнемі жас қазақстандықтарға зор үмітпен қарайтынын, берік сенім артып, мемлекеттік маңызы жоғары саясаттың аясында әрқашан жастар әлеуетінің бәсекеге төзімділгін мейілінше арттыруға екпін түсіріп келе жатқанын тілге тиек етті. «Бүгін жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын баршаларыңыз электронды басылым беттерінен оқып, танысқан боларсыздар. Әкім Тарази ағамыздың «Рухсыз адам еш уақытта интеллигент бола алмайды. Рухсыз адамдардан биік рух шықпайды»-деп айтқан жақсы сөзі бар. Түсінген адам осы бірауыз сөздің адами қасиеттерді биік самғауға жетелейтін рухани әлеміміздің тұңғұйық құзын бағындыруға жігерлейтін салмағын бағамдай алады. Сондықтан, осында отырған әр қайсысыларыңыз мемлекет алдындағы жауапкершіліктеріңізді түсініп, елдіктің ертеңгі еріне айналу үшін бар ынта-жігерлеріңізді арнауларыңыз керек»,-деді А. Мұқашева. Сонымен қатар өз ойын салалық кәсіподақ қызметіндегі жастар саясатының оңтайлы жүргізіліп жатқандығын, жас кәсіподақ қызметкерлерінің бәсекеге қабілетті болуының маңыздылығын «Салалық, аймақтық салалық келісімдер мен ұжымдық шарттарда жастар үшін әлеуметтік-экономикалық кепілдіктер бекітілген. Барлық мүшелік ұйымдарда жастар мен жас мамандар кеңесі, жастармен жұмыс жөніндегі комиссия, студенттік кәсіподақ ұйымдары жастармен тығыз жұмыс жасап, кәсіподақ қозғалысының өркендеуіне тиісті үлестерін қосып келеді. Мысалы, Қостанай облыстық ұйымының жанынан республика бойынша жалғыз студенттер кәсіподақ ұйымдарының ассоциациясы құрылған. Аталмыш ассоциация сегіз жыл бойы студенттер арасында белсенді жұмыс атқарып келеді. Оның негізгі мақсаты - оқу орындар арасындағы кәсіподақ комитеттерінің ынтымақтастықтарын дамыту мен нығайту. Жұмыстарының нәтижесі - үш колледждің 1 курс студенттері 100% кәсіподақ мүшелігіне өткендігінен көрініс табылады (медициналық, педагогикалық, индустриалды-педагогикалық). Бүгін ассоциацияның жұмыс тәжірибесімен танысу мақсатында республикалық семинар өткізгелі отырмыз», - деген ойымен жалғастырды. Салалық кәсіподақ өз мүшеліктерін ерікті түрде көбейту бағытында түрлі іс-шаралар атқарып келе жатқанын, жас кәсіподақ белсенділерінің біліктіліктерін жетілдіру мәселелері әрдайым аса жауапкершілік танытатын түйіткілдер екендігін тілге тиек етті.
Қостанай облысының білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Зияда Ділдібекова да өз сөзінде салалық кәсіподақ қызметіндегі жастардың үлесі айтарлықтай маңызды рөл атқаратындығына тоқталып, республика көлемінде жұмыс істеп жатқан алғашқы Студенттер кәсіподақ ұйымдарының ассоциациясы құрылғалы 8 жылдан бері қатардағы мүшеліктер санын 4 есеге артқанын жеткізді.
Семинар жұмысы барысында Студенттер кәсіподақтар ұйымы ассоциациясының төрайымы Т. Коновалова жастардың мәселелері күн өткен сайын оңтайлы шешіліп келе жатқанын, сонымен қатар мемлекеттің даму үрдісінде жастар әлеуетінің ықпалы да артып жатқандығы туралы ақпараттармен бөлісті. Т. Коновалова өзінің басқарып отырған ассациация жұмысының міндеттерімен де таныстырып өтті. Оның айтуынша бүгінгі таңда Студенттер кәсіподақтар ұйымы ассоциациясы студенттердің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға, біліктіліктерін жетілдіруге, салауатты өмір салтын қалыптастыруға мейілінше атсалысып келеді. Асооциация төрайымы студенттер кәсіподақтары жұмысын дамытуда шетелдік тәжірибелерді тиімді пайдаланып, өзара тәжірибе алмасу бағытында тиімді жұмыс істеудің маңыздылығына да ерекше тоқталды. «Қазақстан мен Ресей кәсіподақтары арасындағы әріптестік жөніндегі Келісімнің аясында Қостанай облысының Студенттік кәсіподақтар ұйымының ассоциациясы, кәсіподақ ынтымақтастығын нығайта отырып, халықаралық іс-шараларға белсенді қатысып келеді. Біз Челябі қаласында өткен «Жастардың кәсіби бағытталуы мен бос уақытын тиімді пайдалану» атты ғылыми практикалық конференциясында, Свердлов облысы Первоуральск қаласында үгітбригадаларының «Кәсіподақтар лайық еңбекті қалайды» конкурсына қатыстық. Тағы осы секілді түрлі халықаралық жиындарға қатысып жүрміз. Алдағы уақытта жастар кәсіподақ белсенділерінің Башқұртстандағы кезесуіне қызу дайындалып жатырмыз»,-деді өз сөзінде Т. Коновалова.
Республикалық семинар барысында жас кәсіподақ белсенділері де өздерінің ойлары мен әр өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды алға тартып, тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, Қостанай индустриалды-педагогикалық колледжі студенттер кәсіподақ ұйымының төрағасы Абай Дүйсебеков заман талабына сай кәсіподақ қозғалысында кәсіподақ мүшелігіне жастарды ынталандыру мәселесіне тоқталды. Бұл бағыттағы насихаттау жұмысының берері көп екендігін, түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар арқылы да үгіт жұмыстарын тиімді жүргізуге болатындығын тілге тиек етті. Ең бастысы, студенттер кәсіподағындағы кез келген студенттің ішкі жан дүниесіне үңіліп, әрбір кәсіподақ мүшесінің әлеуметтік-құққтық мүддесін қорғау жолында барынша біліктілік таныту керектігі сынды өзінің азаматтық ойын ортаға салды. Сонымен қатар студенттерге арналған дисконттық картаның пайдасы жөніндегі ақпараттарымен бөлісті. Оның айтуынша қазіргі уақытта сауда желісінің бағыты бойынша 25 қызмет көрсету мен дүкендер арасында 5% - 20% жеңілдіктер студенттердің дисконттық карталары жүйесіне енгізілді.
А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің оқытушылары, қызметкерлері мен студенттерінің бірлескен кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Р. Бейішев «Белсенді оқыту – тиімді кәсіподақ» атты, Ы. Алтынсарин атындағы АрқМПИ студенттерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы З. Батырова «Келісім-шарттың әлеуметтік-экономикалық кепілдік, жеңілдік және студенттерді оқыту, тұрмысы, демалысы, сауықтыру мен олардың бос уақыттарын өткізуге жағдай жасаудағы рөлі» атты, Қостанай медициналық колледжі кәсіподақ ұйымының төрайымы Б. Сүлейменова «Студенттердің бастауыш кәсіподақ ұйымдарын конкурстар, байқаулар мен фестивальдар арқылы белсенділіктерін арттыру» атты тақырыптарда баяндама жасап, өз ойларымен бөлісті.
Семинар жұмысы мәдени концерттік бағдарламалармен де өз жалғасын тауып, Қостанай педагогикалық колледжі студенттерінің шығармашылық ұжымы өнерлерін ортаға салып, барлық семинар қатысушыларының көңілін тәнтті етті. Қостанай педагогикалық колледжінің бастауыш кәсіподақ ұйымының көрсетілімі кезінде аталған оқу ордасының директоры Ғалия Оразымбетова кәсіподақ ұйымының жұмысы қоғам дамуындағы әлеуметтік әлеуеттің жандануына аса зор оң ықпал жасайтындығын ерекшеледі. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіру бағыты колледж ұжымының жұмысына да тиісті септігі тиіп жатқанын жасырмады.
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында болған мәдени концерттік бағдарламаның екінші бөлігі де семинар қатысушыларына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл жерде «Кәсіподақ – армандар орындалады» атты үгітбригадасының байқауы келушілердің назарына ұсынылды. Кәсіподақ қозғалысын заман талабына лайықтап жетілдірудің тың әдістері үгітбригадасының байқау бағдарламасынан сәтті көрініс тапты. Байқау нәтижесі ағымдағы жылдың екінші жартысында өткізілетін кәсіподақтар күніне орай белгілі болады.
Семинардың жұмысы жас кәсіподақ белсенділерінің арасындағы топтарға бөліну арқылы шығармашылық еркіндікке негізделген сұрақ-жауап пікір сайыс түрінде қорытындыланды. Бес топқа бөлінген жастарға кәсіподақ қызметінің ерекшеліктері мен Салалық Жарғы біліміне аукцион ойынын жүргізу арқылы сұрақтар қою арқылы, жастардың салалық кәсіподақтың бас құжаты болып табылатын Жарғы білімін жетілдіруге жақсы әсер қалдырғаны сөзсіз.
Арай Үйренішбекқызы,
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының баспасөз хатшысы.