Тәрбиенің өнегесі – ұлттық ойын
Төл тәрбие мен ұлттық болмысты қалыптастырудың көзі - ұлттық ойын. Ұлттық ұстаным мен отаншылдық көкжиегімізді санаға сіңіру арқылы, жас ұрпақтың елдік рухтағы биік сезімдерін жандандыру жолында ұлттық ойынның берері көп. Халқымыздың сан ғасырлық тарих шежіресіндегі ұрпақ тәрбиесінде ешқашан есе жіберген емес. Ұлттық ойындар арқылы жастардың дене шынықтыру үрдісімен дене бітімдерін шымыр ұстауға ғана емес, ақыл-ойының дамуынына да ерекше мән берген. Сол тәрбиенің дербестігі мен ұлттық идеяның ұмтылыстарын көбінесе тәлім – тәрбиелік ойындар арқылы жастар санасына сіңіріп, толымды терең ойы бар, жаһандық бәсеке өрісіндегі кең жазықтыққа шымыр ойлы, дара болмысты, ұлтжанды ұрпақтар өсіп келе жатқаны бәрімізді қуантады.
Жас қазақстандықтар арасында бұқаралық спортты дамыту және ұлттық ойынды насихаттау мен жандандандыру бағытында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының барлық облыстық, аймақтық бөлімшелері мейілінше бір кісідей атсалысып келеді. Соның бір дәлелі ретінде 12 – 14 сәуір күндері Қостанай облысының «Сосновый бор» шипажайында өткізілген тоғызқұмалақ ұлттық ойынынан “EXPO – 2017” халықаралық көрменің ашылуына арналған республикалық салалық кәсіподақ жастар арасындағы өткізілген жарысты айтуға болады.
Тоғызқұмалақ - қазақ халқы үшін зерделік және зияткерліктің даму құралы ретінде қарастырылатын, сонымен қатар интеллектуалдылықты анағұрлым шыңдайтын, логикалық ойлауды жақсартатын ерекше ұлттық ойындардың бірі. Ептілік пен ойлау қабілетінің жүйріктігін талап ететін бұл ойын түрі соңғы уақытта халықаралық деңгейде жоғарғы насихатталып келеді. Әуелі АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Аляска университеті тоғызқұмалақ ойынын зерттеуге алып, оның компьютерлік бағдарламасын да жасап шығарғаны аталған ұлттық ойынның күн өткен сайын танымалдылығы етек жайып келе жатқанын аңғартады.
Салалық кәсіподақтың ұйымдастыруымен болған аталмыш жарыс үш күнге жалғасты. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы төрайымының орынбасары Айгүл Мұқашева ұлттық ойынның бұл түрінен өткізіліп жатқан жарыс салалық кәсіподақ арасында ең алғаш рет өткізіліп жатқандығын айта кетіп, «Адамның ойлау қабілетін дамытатын мұндай ұлттық ойынды халық арасында дәріптеудің маңыздылығы айтарлықтай жоғары. Төл болмысымызды танытуға да берері көп. Сондықтан болашақта да мұндай жарыстар жалғасын тауып, өз ойыншылары мен жанкүйелерін асулы мәртебелермен қуантады деп сенемін»-деген өз ойын білдірді.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Қостанай облыстық ұйымының төрайымы Зияда Делдібекова: «Тоғызқұмалақтың пайда болуы шамамен төрт мың жылды қамтиды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері бұл ойынның түрі жылдан-жылға дамып келеді. Бұл жерде Тоғызқұмалақ федерациясының ықпалы зор. Ұлттық құндылықты дәріптеу мақсатымен біз де осы шараны ұйымдастырып отырмыз»-дей келе республиканың әр өңірінен келген 30-ға жуық ойын қатысушыларын құттықтап, оларға сәттілік тіледі.
Жарыстың үшінші күні ойынның бас төрешісі ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, жоғарғы дәрежедегі ұлттық төреші, А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрлан Мамиев жарыстың барысы мен ойыншылардың қабілеттері жайлы өз пікірін білдіріп еді. «Швейцарлық жүйемен бақ сынасып жатқан ойыншыларымыздың арасында 14 ұл бала мен 14 қыз бала бар. Ойын нәтижесі жеті турдан кейін белгілі болады. Қазіргі уақытқа дейін Астана мен Павлодардың, Ақтөбе мен Қостанайдың өрендері жақсы өнер көрсетіп келеді. Ойын өте тартысты жүріп жатыр»-деді ол.
Жарыс қорытындысы бойынша ұлдар арасындағы І орынды Астана қаласы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттің студенті Нұрбек Құрманов, ІІ орынды Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Жанасыл Сейдімбек, ІІІ орынды Батыс Қазақстан облысының студенті Бектас Кенжеғалиев, IV орынды Қарағанды қаласынан келген Қайрат Кубеков, V орынды Ақтөбе облысынан келген Оразбек Ғабитхан иеншіледі. Ал қыздар арасындағы жүлделі орындар төмендегі бұрымдыларға бұйырды. І орын Қостанай қаласының студенті Самал Маусымбаева, ІІ орын Павлодар қаласының студенті Әсел Темірханова, ІІІ орын Астана қаласының студенті Гүлнұр Спанова, IV орын Шығыс Қазақстан облысынан келген Ирина Шаяхметова, V орынды Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Жансая Қуанышбекке берілді.Дода жеңімпаздарына ақшалай қаражаттар мен арнайы сыйлықтар үлестірілді.
Арай Үйренішбекқызы,
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметкері.