Халықаралық байланыстар кеңейе түспек
Бүгін, яғни 2016 жылдың 14 қазан күні «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлер кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінде Сингапур мұғалімдер кәсіподағының төрағасы Майк Тируманмен кездесу болып өтті. Салалық кәсіподақтың халықаралық байланыстарын нығайту бағытындағы жұмыстарды жетілдіруде мұндай кездесудің берері мол.
Кезедесу барысында салалық білім және ғылым қызметкерлер кәсіподағының төрайымы Майра Амантаева Қазақстандағы аталған сала кәсіподағының жұмысымен таныстыра келе, қоғам үшін әлеуметтік кепілдіктің маңыздылығына тоқталды. Сингапурдағы кәсіподақ қозғалысы тәжірибесімен бөліскен М.Тируман, аталған елдегі мұғалімдердің мәртебелеріне қатысты әңгімесін ортаға салды.
«Сингапур мұғалімдер кәсіподағы 1945 жылы Екінші Дүниежүзілік соғыс аяқтала салысымен құрылған болатын. 70 жылдық тарихы бар Сингапур мұғалімдер кәсіподағы жергілікті мұғалімдер мен британдық мұғалімдердің араларындағы әлеуметтік әділетсіздік жолында қызмет атқарды. Бүгінгі таңда Сингапур мұғалімдерінің жалақылары дәрігерлер мен заңгерлерден кейін үшінші орында. Бұл дегеніміз Сингапур қоғамында мұғалімге деген құрмет пен көзқарастың жоғарғы деңгейде екендігін аңғартады деп ойлаймын»,-деп сөз бастаған Сингапур мұғалімдер кәсіподағының төрағасы Майк Тируман мұғалімдердің кәсіби біліктіліктері үнемі жетілдіру үшін Сингапур Үкімет тарапынан әр мұғалімге жыл сайын 100 сағаттық қосымша уақыт берілгендігі жайлы, мұғалімдік мамандыққа қойылатын талаптың жоғарғы екендігі жайлы кеңінен баяндады.
Алдағы болашақта Сингапур мұғалімдер кәсіподағымен әріптестік байланысты одан әрмен дамыту мәселелері де аталған кездесу барысында тілге тиек болды.
Кәсіподақтық қауқарымызды еселеуде әлемдік барыс-келісімізді даңғыл жолға қою салалық кәсіподақтың негізгі стратегиялық балансы болып есептелгендіктен, әлемдік кәсіподақ ұйымдарымен өзара тәжірибе алмасуда ынтымақтастықты кеңінен дамытудың айтарлықтай маңызды болып табылатыны сөзсіз.
-
Фотографии
-