Жалпыға ортақ Еңбек мерекесі құтты болсын! 25 қыркүйек - Еңбек Күні!
Жалпыға ортақ Еңбек мерекесі құтты болсын!
Құрметті кәсіподақ мүшелері!
Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі Еңбек күні болып белгіленгенін баршамыз жақсы білеміз. Атаулы мереке қарсаңында барлық кәсіподақ мүшелерін келе жатқан Еңбек күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әлем өркениетінің барлық құндылықтары, экономикалық және мәдени байлықтар, осының бәрі адамның еңбегімен жасалады. Сондықтан жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру аясында әлеуметтік жаңғырту саясатының маңыздылығын еңбек етуші әрбір азамат білуі керек. Жалпы қоғамды еңбекке жұмылдыру арқылы қоғамның мақсат-мұратына жетіп, ал тұтас мемлекеттің даму деңгейі одан сайын ілгерлейтіні белгілі. Елдің көсегесі еңбекпен көгеретінін, еңбек арқылы ғана ұшпаққа шығуға болатынын талай ұрпаққа ата-бабамыз аманат ретінде қалдырғанын да ұмытпауымыз керек.
Елбасы Н.Назарбаев әрдайым қоғамда адал еңбектің қадір-қасиетін арттыруға, жастарды масылдық психологиядан арылту керектігі жөнінде талай сөз қозғаған. Еңбек – жеке адамның ғана емес, мемлекет өркендеуінің мығым факторы. Абай Құнанбаевтың 38-ші қара сөзінде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық»-деп атап өткеніндей бәсекеге қабілетті ел болу үшін, әрқайсысымыз өзімізден еңбекқор болуды талап етуіміз керек!
Адал еңбектің өз жемісі болатынына еш күмән жоқ. Сол себепті ел игілігі мен мемлекет болашағы үшін, әр отбасының берекесі мен бақыты үшін күресіп жатқан еңбек қауымына зор денсаулық, табысты нәтиже, биік жетістік тілеймін. Адал да айнымас, жайлы да жағымды еңбектеріңіздің жемісін көрулеріңізге тілектеспін!
"Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлер
кәсіподағы" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Майра Амантаева