ОТЧЕТНО-ВЫБОРНАЯ КОНФЕРЕНЦИЯ В КАЗНПУ ИМЕНИ АБАЯ
Алматы қаласында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қызметкерлері кәсіподағының есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Конференция жұмысына Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева, университет қызметкерлері, делегаттар қатысты.
Конференция жұмысын университеттің кәсіподақ комитетінің төрағасы Ибраймов Мухтар Ботабайұлы ашып, ұжым алдында соңғы бес жыл мерзімде атқарған жұмыс есебін берді.
Осы жылдар ішінде университеттің кәсіподақ комитеті оқу ордасының басшылығымен бірлесіп профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерді әлеуметтік қорғау, материалдық көмек көрсету, сауықтыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізген. Сонымен қатар
көптеген әлеуметтік-мәдени іс-шаралар өткізілгені туралы айтылды.
Қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қамтамасыз ету, қоғам қызметіне қолайлы жағдайлар жасау мақсатында университет пен кәсіподақ арасында ұжымдық келісім-шарт жасалды. Әлеуметтік әріптестік аясында жасалған үздік ұжымдық шарт университет қызметкерлерінің игілігіне қызмет етуде.
Конференцияда университеттің кәсіподақ комитетінің 2018-2023 жылдар аралығындағы жұмысына оңтайлы баға беріліп, делегаттардың бірауыздан дауыс беруі нәтижесінде алдағы бес жыл мерзімге кәсіподақ комитетінің төрағасы лауазымына Ибраймов Мухтар Ботабайұлы қайта сайланды.
Мұхтар Ботабайұлын жеңісімен құттықтай отырып, артылған жауапкершілік пен сенімді абыройлы атқарып, кәсіподақ қызметін жаңа заман талаптарына сәйкес жаңғырту тапсырылды.
Салалық кәсіподақ төрағасы А.Мұқашева өз сөзінде есепті мерзімде атқарылған жұмысқа жоғары баға беріп, университетте әлеуметтік әріптестік жоғары деңгейде қалыптасқаны туралы атап өтті. Еңбек қатынастарын реттеу және кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында кәсіподақ алға қарай да жемісті жұмысын жалғастыра бермек.
-
Фотографии
-