КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫЛАРЫ ЖЫЛДЫҚ ҚОРЫТЫНДЫ ЕСЕП БЕРДІ
Ақтөбенің Ойыл, Шалқар, Ырғыз, Хромтау, Қарғалы, Мәртөк, Әйтеке би аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ кәсіподақ ұйымының есеп беру жиналысы өтті.
Шарада аудандық білім бөлімінің басшылары аудандық кәсіподақ ұйымының жыл бойы бірлесе атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталып өтті. Одан соң қатысушылар аудандық кәсіподақ ұйымының төрағаларының есебін тыңдады.
Кәсіподақ ұйымының ең қуатты құралы – ұжымдық келісімшарт. Қолданыстағы келісімшарттар Еңбек кодексіне сай жұмыс берушілер мен кәсіподақтар тарапынан қаралып, өзіндік талаптары мен шарттары бекітілді. Қызметкерлерді марапаттау, сауықтыру, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайларының жақсаруына, құқығының қорғалуына әркез қолдау көрсету жұмыстары жолға қойылды. Ұжымдық шарт негізінде білім қызметкерлерінің жалақылары уақытылы төленіп, кезекті еңбек демалысы, сауықтыру жәрдемақысы дер кезінде беріледі. Қиын жағдайға душар болған кәсіподақ мүшелеріне қаржылай қолдау көрсетілді. Қайырымдылық шаралары да ұмыт қалған жоқ. Есепті кезеңде аталған аудандар бойынша кәсіподақ есебінен мыңнан астам кәсіподақ мүшесі емдеу-сауықтыру орталықтарында демалып, денсаулықтарын түзеді.
Аудандағы білім мекемелеріндегі бастауыш кәсіподақ ұйымы өз ұжымдарында тұрақтылықты қалыптастырып, ыңғайлы орта құруда басты рөл атқарып отыр. Бастауыш ұйымдар тиімді әлеуметтік серіктестікті ұйымдастырып, ұйымның әр мүшесіне көңіл бөліп, олардың шығармашылық дамуына жағдай жасауда. Ойыл, Шалқар, Ырғыз, Хромтау, Қарғалы, Мәртөк, Әйтеке би аудандық кәсіподақ ұйымдарының көмегімен әр кәсіподақ мүшесіне құқықтық, материалдық қолдау көрсетіліп келеді. Биыл білім беру мекемелері мен ұйымдарында еңбек заңдылықтарының сақталуына байланысты қоғамдық бақылаулар ұйымдастырылып, әдістемелік-тәжірибелік көмектер көрсетілді.
Аудан педагогтары демалыс кезінде ұстаздардың жұмыс кестесі, декреттік демалыстан кейін еңбек демалысына шығу жайы, педагогтерді басылымдарға мәжбүрлі жазу сынды көкейлерінде жүрген сауалдарға жауап алды.
Жиын соңында кәсіподақ көшбасшылары 2024 жылға межеленген жоспарларымен бөлісті. Мұғалімдердің мүддесін, еңбек құқығын қорғау бағытында жұмыстар жалғасын табады.
-
Фотографии
-