ЖАМБЫЛДА БІРІККЕН КОМИТЕТТІҢ ІІ ПЛЕНУМЫ ӨТТІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Біріккен комитеті филиалының ІІ Пленумы өтті. Күн тәртібінде алғашқы болып «Филиалдың ағымдағы жұмысы және Кәсіподақтың жарғылық талаптарды орындау жағдайы және қоғамдағы рөлін күшейту мен еңбекшілердің сенімін нығайту міндеттері туралы» сұрағы қаралды.
Баяндама жасаған Филиал төрағасы Жанболат Орынбеков 44 бастауыш ұйымға біріккен 3902 кәсіподақ мүшесі-сала қызметкерлерімен үнемі байланыста болып, еңбек қатынастарында заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында жағдайды жіті назарда ұстап, қажеттілікке қарай тиісті кеңестер беріп отырғандығын айтты.
- Биыл Филиалдың құқықтық қызметі аясында кәсіподақ мүшелерінен түскен 35 жазбаша, мыңнан аса ауызша өтініш пен сұраққа заң аясында құқықтық кеңестер берілді. Білім басқармасымен 2024-2026 жылдарға жасасқан Ұжымдық шартқа қосымша өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы кітапхана меңгерушілері мен кітапханашыларына ынталандыру үстемеақысы - түзету коэффициентін ескере отырып, қызметкердің лауазымдық жалақысынан 30%; іс жүргізушілерге қызмет көрсету аймағының кеңейтілуіне сәйкес өзінің лауазымдық жалақысынан 50% ақы төленуіне қол жеткіздік. Бұл нормалар кәсіподақ мүшелеріне ғана қызмет етуде. Ұстаз беделін көтеріп, еңбек адамының құқығы мен мүдделерін әлеуметтік әріптестік аясында қорғау жұмыстары жалғаса береді, - деді Филиал төрағасы Жанболат Тұңғышбекұлы.
Негізгі баяндамадан кейін №3 Байзақ колледжінің БКҰ жетекшісі Гүльзада Ахметова, «Мейірім» мектеп-интернатының БКҰ жетекшісі Алтынай Алмабаева, №1 «Өркен» мектеп-интернатының директоры Фарида Қазбекова мен жергілікті кәсіподақтың құқықтық инспекция жетекшісі Әлия Джолшибекова қосымша ақпарат беріп, негізгі баяндамада келтірілген деректерді қолдап, қуаттай түсті.
Жиында Пленум мүшелері өз құзыретіне кіретін Филиалдың 2025 жылға арналған қаржылық кіріс-шығын сметасын бекітіп, өзге жұмысқа ауысуына және басқа да себептерге байланысты кәсіподақ мүшелігінен шыққан Пленум құрамындағы азаматтарды өзгелермен алмастырды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – Бақылау-тексеру комиссиясының есебіне арналып, Филиалдың іс-құжаттарды жүргізу мен қаражатты мақсатты жұмсауы зерделенген комиссия төрағасы Айжан Аманбаеваның баяндамасы тыңдалып, бекітілді.
Жиын соңында бірқатар мекемелерге салалық кәсіподақтық «Еңбекші» газетіне 2025 жылға жазылым сертификаты табысталып, барлық қатысушыларға Жаңа жылдық сыйлықтар берілді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-