ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА КЕЛІСУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ ОҚЫТЫЛДЫ
16-17 қаңтар күндері Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Білім және ғылым қызметкерлерінің Қарасай аудандық жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен мектеп басшыларының құқықтық сауаттылығын арттыру және Келісу комиссияларының мүшелерін оқыту мақсатында екі күндік семинар өткізілді.
Семинарға Салалық кәсіподақтың Орталық комитетінен құқықтық жұмыс, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Р.Қыдырбаева мен және бас маман Г.Бралиева қатысты.Екі күн бойына үш топқа бөлініп өткізілген семинарда Келісу комиссиясының рөлі, маңыздылығы жөніндегі өзекті сауалдарға жауаптар беріліп, Комиссияны құрудың тәртіптері жіті түсіндірілді.
Қатысушылар осындай семинарларды жиі өткізу туралы ұсыныстарын жеткізді. Атап өту керек, бұрын мұндай семинарлар ақылы негізде өтетін болса, бұл жолы тегін өткізіліп, сертификаттар табысталды.
Өте тартымды өткен семинардан кәсіподақ мүшелеріне еңбекақы, оның есептелу жолдары, қызметкерлердің кәсіби мүдделері мен еңбек құқықтарын қорғауға қатысты егжей-тегжейлі ақпараттар берілді. Келісу комиссиясын құру жұмыс берушінің міндеті екені қадап айтылды.
Келісу комиссиясының мүшелері, сондай-ақ жұмыс берушілер тарапынан да көп сауалдар болды, бәріне заң аясында толық жауап берілді.
Аталған семинарды өткізуге қолдау көрсеткен Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мақсатқызы Мұқашева ханымға үлкен алғысымызды білдіреміз.
-
Фотографии
-