
КӘСІПОДАҚ ПОШТАСЫ
Тамыз айында сынып жетекшілігі үшін қосымша ақы берілмейді, заңдылығы қандай?
Мемлекеттік мекемелердегі педагогтардың айлықақы, қосымша және үстеме ақыларының есептелу тәртібі мен шарттары «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 Қаулысымен (әрі қарай - Қаулы) реттеледі.
Қаулының 4-Қосымшасының 2-тармағы 2)-тармақшасына сәйкес техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында топ, 1-4 сыныптарға жетекшілік үшін БЛА-дан 50 %, 5-11 (12) сыныптарға БЛА-дан 60% қосымша ақы белгіленген. Осы
Қосымшаға берілген ескертпелердің 2-тармағы бойынша оқушылардың күзгі, қысқы, көктемгі және жазғы каникулдары кезеңінде педагогтарға еңбекақы төлеу каникул басталар алдындағы тарифтеу кезінде (қосымша ақы есебімен) белгіленген жалақы есебімен жүргізілетіні көрсетілген.
Сіздің жағдайда тамыз айы оқушылардың жазғы каникулы болып саналады. Сондықтан, сынып жетекшілігіүшін Қаулымен белгіленген қосымша ақы төленуі тиіс.
Мәселе шешімін таппаған жағдайда қызметкер өзінің бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтіру мақсатында ЕК 159 бабында көзделген тәртіпке сәйкес Келісім комиссиясымен жалпы Сот құзыретінде қарастыруға мүмкіндігі бар.